Ауыл түрленіп келеді

Уақыты: 23.11.2023
Оқылды: 645
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Өткен жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ республикалық қоғамдық штабта сөйлеген сөзінде: «Алдағы 3 жыл ауылдық аймақтарды барынша дамытуға арналады. Ауылдағы тұрмыстың қаладағы сияқты жайлы болуына күш саламыз. Ауылдық жерлерді дамытудың кешенді тұжырымдамасы қабылданады», – деп ауылға баса көңіл бөлінетінін айтқан болатын.

Президент айтқандай, біртіндеп ауылды жерлер де жаңа кейіпке еніп, заман көшіне ілесе бастағандай. Ел жағдайы да көтеріліп келеді. Қарашоқы ауылы солардың қатарында. Өйткені, тамырына қайта қан жүгіріп, тіршілігі түрлене түскен елді мекенге барып, атқарылып жатқан қыруар шаруаның куәсі болып қайттық. Ауылдық округте 2 мыңнан аса адам тұрады. Халқы негізінен егін және мал шаруашылығымен айналысады. 100-ден аса жеке шаруа қожалығы, 18 сауда орны жұмыс істейді.   

Байқағанымыздай, жолдары шетінен ретке келтіріліп, елді таза ауызсумен қамтамасыз ету мәселесінің біртіндеп шешіле бастағаны көрініп тұр. Ауызсу құбырлары тартылып, қазір олар тексеріліп, жуып, шаю жұмыстары жүріп жатыр. Көп ұзамай ауыл халқы таза ауызсумен қамтылып, үлкен қуанышқа кенелмек. Сонадайдан 2 қабатты Мәдениет үйінің күрделі жөндеуден өткізіліп жатқанын көрдік. 200 орынға арналған мәдени ошақ келесі жылдың көктемінде ел игілігіне беріледі деп күтіліп отыр. Сондай-ақ, ауылда наубайхана, тігін цехы жұмыс істейді. 

Тұрғындар үшін кітапхана қызмет көрсетеді. Кітапханашы Әсем Қалиақпарова мен Жанар Қоқысбекованың айтуынша, бұл жерде15 мыңға жуық кітап қоры бар және ол ай сайын жаңа кітаптармен толығып отырады. Жылына мыңнан аса оқырманға қызмет көрсетіледі. Олардың басым бөлігі оқушылар және зейнеткерлер. Сондай-ақ, жас жеткіншектерге арналған күрес залы жұмыс атқарып тұр. Жастар арасында әлем чемпионатының қола жүлдегері, спартакиада ойындарының жеңімпазы Гүлмарал Еркебаева ара-тұра спорттық керек-жарақтарға демеу көрсетіп, сабақ өткізіп, тәжірибесімен бөліседі. 

Алдағы уақытта ауылдан көкөніс пен гүл түрлерін өсіретін үш жылыжай кешені ашылмақ. Қазіргі кезде «Ауыл аманаты» жобасының жеңілдіктерін пайдаланып, кәсіппен айналысып, мал шаруашылығымен шұғылданғысы келетін азаматтардың қатары көбейген. Аталған жоба бойынша биыл ауылда 14 адам несиеге қол жеткізген. Олардың 12-і мал, қалғаны наубайхана, жылыжай шаруашылығымен айналысуды көздеп отыр. Ал келесі жылы осы жоба арқылы түрлі кәсіп ашуға ниет білдіріп, несие алуға 80 адам өтініш берген. 

Айта кетейік, бұл жобаның негізгі мақсаты – ауылшаруашылығы тауарын өндірушілерін жан-жақты қолдау, ауыл тұрғындарын агробизнеске барынша тарту, азық-түлік қауіпсіздігі және азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға байланысты мәселелерді шешу. Бұл ретте «Ауыл аманаты» жобасы аясында ауылда кәсібін дөңгелентуді көздейтін кәсіпкерлер үшін 2025 жылға дейін 2,5 % шағын несие беріледі.

Айгүл БАЙБОСЫНОВА
Суретті түсірген  Руслан ҚАДЫРОВ