Дәнді дақылдардың көлемі жағынан Жетісу облысы алғашқы төрттікте

Уақыты: 24.11.2023
Оқылды: 695
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Биыл жиналған дәнді дақылдар өнімінің көлемі бойынша Жетісу облысы республикада алғашқы төрттікте тұр.

Алдағы екі жыл көлемінде өңірде 1 млн. тонна дәнді дақыл жинауға толық мүмкіндік бар. Бұл жайында бүгін Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев Астана қаласында өткен брифинг кезінде айтты.

Агроөнеркәсіп кешенін тиімді дамыту – Жетісу облысында басым бағыттардың бірі. Осы ретте биыл облыстың агроөнеркәсіп кешенін дамытуға 31,9 млрд. теңге бағытталған, соның 80%-ы, яғни 25,4 млрд. теңгесі – субсидиялар.

- Осы жылы ауыл шаруашылығы дақылдары 324 мың гектарға себіліп, 870 мың тонна астық жиналды, орташа өнімділігі гектарына 27 центнерден айналды. Бұл ретте биыл жиналған дәнді дақылдардың жалпы өнімінің көлемі жағынан Жетісу облысы республикада алғаш рет 4-ші көрсеткішке ие болып отыр. Алдағы екі жыл ішінде өңірде 1 млн. тонна дәнді дақыл жинауға толық мүмкіндігіміз бар, - деді Б. Исабаев.

Спикердің сөзіне сүйенсек, облыста 120 ауыл шаруашылығы өнімін өңдейтін кәсіпорны жұмыс істейді. Олар 10 айда 70,2 млрд. теңгенің азық-түлігін өндірген, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 23%-ға артық. Өңірдегі ауыл шаруашылығы шикізатының шамамен 35 пайызы облыстағы кәсіпорындарда қайта өңделеді.

Сол сияқты «Ірі жобалар» бойынша алдағы екі жылда 25 млрд. теңгеге 10 ірі жоба іске асырылатын болады. Ал «Ауыл аманаты» жобасы аясында республикалық бюджеттен 3,2 млрд. теңге бөлініп, игерілді.

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қыметі.