Жетісуда биыл 3 мыңнан астам пәтер беріледі

Уақыты: 24.11.2023
Оқылды: 911
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Биыл Жетісу облысында 323 мың шаршы метр тұрғын үй іске қосылады деп жоспарланған. Оның 50%-ы немесе 162,1 мың шаршы метрі – бюджет есебінен. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 8 есе көп. Бұл жайында Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев бүгін Астана қаласында өткен брифинг барысында айтты, деп хабарлайды 7-su.kz желілік басылымы.  

«Жалпы осы жылы 3494 пәтер бөлінеді, соның 2173-і – Талдықорған қаласында. Бұл кезекте тұрғандардың шамамен 14-15%-ы. Бүгінгі таңда демеушілер есебінен Талдықорған қаласында 180 пәтерлік үш үй және әлеуметтік осал топтағыларға, оның ішінде көпбалалы отбасыларға арналған 27 жеке тұрғын үй салынды. Атап айтқанда, Қаратал ауданында 15 үй, Кербұлақта 8 үй, Панфилов ауданында 4 үй», - деп атап өтті Б.Исабаев.

Спикердің айтуынша, бұдан басқа «Самұрық-Қазына» қоры 2024 жылы 560 пәтерлік 9 көп пәтерлі үй салуды жоспарлап отыр, яғни Талдықорған қаласында 60 пәтерлік 7 үй, Сарыөзек ауылында 60 пәтер, Жаркент қаласында 80 пәтер салынады. Жалпы Жетісу облысында тұрғын үй алу кезегінде 30 мың адам тұр, соның 15 мыңнан астамы – Талдықорғанда кезекте.

«Негізгі мақсатымыз – алдағы 4-5 жыл ішінде кезекте тұрғандар санын 40-50% азайту», - деді облыс әкімі.

Дереккөз: Kazinform.