ЕРГЕ ЕЗДІК ЖАТ ҚЫЛЫҚ

Уақыты: 26.11.2023
Оқылды: 541
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Хан сарбазын жасаған қылмысы үшін өлімге бұйырыпты. Сарбаз өте жас екен. Дарға асылатынын білген ол әбден таусылып, зынданда шерленіпті. Оған анасы келеді.

Ұлының жағдайын көріп:

– Балам, бұлай неге таусыласың? Сенің әкең де сарбаз еді, артына батыр деген атын қалдырып, жаумен шайқаста мерт болды. Әкеңнің атына кір келтірме! – дейді. Бірақ ұлы дарға асатын күннің таяп қалғанын айтып, шешесіне мұңын шағып, жылай береді:

– Анашым, хан әкемді біледі дедіңіз, ендеше ханның алдына барып, менің жанымды арашалап қалыңызшы. Мен өлімнен сондай қорқамын. Тіпті, сол жаза болатын күнге жетпей-ақ осы зынданда қорқыныштан жүрегім жарылып өлетін секілдімін. Ханға сіз барып, бар жағдайды айтсаңыз, бәлкім құлақ асар... Мен сондай ауыр қылмыс жасағаным жоқ қой. Бүкіл сарбаз дұшпанға қарсы өре түрегелгенде, мен артта қалдым. Қорықтым... Бар болғаны сол.

 Ұлының ынжық мінезін көріп, қатты қапа болған ана онысын сездірмейді.

 Ұлым, жақсы, тақсырға барып жолығайын. Датымды айтып, сенің жаныңа араша түсейін. Иә, сенің әкеңнің бұл хандыққа сіңірген еңбегі зор еді. Талай жорықта ерлік көрсетіп, даңққа бөленді. Сол батыр әкеңнің құрметіне сенің жаныңды біржолға қияр. Ханда қырық кісінің ақылы бар деген, ол сондай зұлым емес, түсінер, алдына барайын, деп үйіне қайтады.

Арада бірер күн өткенде анасы ұлын көруге тағы келеді. Алдыңғыдай емес, баласы үмітпен қарап, не айтарын жылдам естігісі келіп тағатсыз отыр екен.

– Иә, айналайын анашым, ханға бардыңыз ба? –  дейді.

 – Бардым балам, бардым. Бар жағдайды айттым, – дегенін естіген баласы жылап жіберді.

 – Иә, ханымыз не деді? Айтсаңшы тезірек. Менің шыбын жанымды қиятын болды ма?

Ана ұлына сынай қарап:

  Хан бәрін түсінді. Ол сенің әкеңді, оның соғыстағы ерлігі жайлы ұмытпапты, менімен әңгімелесті. Аруақты әкеңнің құрметіне сенің жаныңды қияр еді, бірақ сенің жорықта езге тән қылық көрсетіп, әке атына дақ түсіргеніңді айтты. Жазаны сол күйі қалдырды.

Мұны естіген жігіт өкіріп жылап, анасының аяғын құшты:

 –Анашым, шынымен де... мені дарға асатын болды ма? – деп анасының аяғын құша өкірген жігітке:

– Ұлым-ай, таусылма. Мен ханға тағы кіремін. Бәлкім, ол да ойланып, ілкі шешімін өзгертер. Әкеңді жақсы біледі. Ойланар.

Көзі ісіп, қанталай қызарған ұлы:

 – Анашым, менің жаныма араша түсіңіз. Менің өлгім келмейді, – деп зарлайды.

 – Жылама. Ханға сенен шыққан бойда барамын. Тек сен бұлай таусылма. Мен енді саған келмеспін. Себебі қайта-қайта кіргізбейді. Бүгін соңғы рет рұқсат етті. Осы жолы қайтсем де ханды көндіруге тырысамын. Тек сен бостық танытпа. Өзіңді нық ұста! Жігіт емессің бе? Біз былай келісейік. Егер де хан сенің жаныңды аман қалдыратын болса, онда мен дар ағашы алаңына басыма ақ орамал тартып келемін. Ал керсінше, өлім үкімі жүзеге асатын болса, онда қара жамылып келемін. Сен содан білесің. Жарай ма? Ханда қырық кісінің ақылы бар деп айттым емес пе, ол маған сөзін бергенмен де қарайған халық басқалай ойлап қалмасын деп, соңғы минутқа шейін үкімнің барлық ереже-шартының орындалуын тоқтатпас. Бірақ сен оған қынжылма. Басыңды тік ұста! Сенің әкең батыр болған. Әкеңе тарт! Ел сенің кімнің ұлы екеніңді білсін! Көзіңнен жас көрмейтін болсын, дейді анасы.

Ауыр үкімнің орындалар сәті келіп жетеді. Алаңға халық жиналған. Хан мен нөкерлері де осы арада. Жендеттер жас сарбазды алаңға әкеледі. Ол жұрт арасынан анасын іздейді. Көреді. Анасының басында кіршіксіз ақ жаулық бар екен. Жүзі де күлімдеп тұр.

Баласы қуанады. Бәрін анасы айтқандай қылып істейді. Бойын тік ұстап, қыл арқан мойнына салынып жатқанда да көзі күлімдеп, жұртқа батырға тән кейіппен қарайды. Хан үкімін өзгерте алмасын, қорқақтың жазасы өлім екенін жақсы білген ана ұлының қорқақ күйде емес, азамат күйде о дүниеге аттануына осылай қызмет қылды.

Өмірінде бірінші рет өтірік айтты, туған ұлын алдады. Бірақ бұл аналық аяушылық сезімін жүрек түкпіріне берік қамап тастап, ездікті жеңуге деген, әке даңқын сақтауға деген, ұрпақтың, ұлдың абыройын қорғауға деген шындыққа бергісіз алдау, ақиқатқа пара-пар жалғандық еді!

"Жетісу-Ақпарат"
Фото: 
zhanaqorgan-tynysy.kz