Әдеп жөніндегі уәкіл кездесу өткізді

Уақыты: 14.12.2023
Оқылды: 437
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Жетісу облысы әкімі аппаратының Әдеп жөніндегі уәкілі Ғабит Тұрсынбай облыстық білім мен денсаулық сақтау басқармасының мемлекеттік қызметкерлерімен кездесу өткізді.

Жиын барысында Ғабит Тұрсынбайұлы мемлекеттік қызметкерлерге сыбайлас жемқорлықтың зияны, құқықтық сана мен жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру, БАҚ-та, интернет ресурстар мен әлеуметтік желілерде мемлекеттік қызметшінің атына сыбайлас жемқорлық туралы негізсіз айыптаулар жарияланған жағдайда мемлекеттік қызметкердің қолға алуы тиіс әрекеттері мен құқықтары, бала тәрбиесіндегі отбасының рөлі, адамгершілік қасиеттерді берік ұстану тақырыптарында сөз қозғап, ойымен бөлісті.

Спикер өз сөзінде ауыр қылмыс санатына жататын түрлі жемқорлық деректеріне қатысты нақты мысалдар келтіріп, тақырыпқа сай дайындалған бейнероликтер көрсетті.

- Мемлекетіміздің дамуы - жас ұрпаққа байланысты. Жастарымыз жан-жақты дамыған, бәсекеге қабілетті, білімді және сыбайлас жемқорлыққа бой алдырмайтын болуы керек. Бала ата-анасының айнадағы бейнесі іспеттес. Сондықтан, ата-ана баланы тек қана кәмелеттік жасқа дейін материалдық тұрғыдан ғана қамтамасыз етіп қоймай, рухани құндылықтарды санасына сіңіріп, әр іс-әрекетімен балаларына үлгі бола білуі тиіс.
Мемлекеттік қызметшілер сыбайлас жемқорлық көріністеріне қарсы тұруға, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарға жол бермеуге тиіс. Мемлекеттік қызметшілердің сыбайлас жемқорлық жасағаны жөнінде жалған ақпарат жарияланған жағдайда, ол заңмен қарастырылған барлық шараларды қолдануға құқылы. Себебі, мемлекеттік қызметшілерге қатысты кез-келген жағымсыз ақпараттың жариялануы - халықтың билікке деген сеніміне теріс әсер етеді.
Абырой-ар-намыстың тазалығы, адамгершілік, еңбек, шығармашылық, жақсылық жасау, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету арқылы көпшілік тарапынан сый-құрметке ие ететін - адамның қадір-қасиеті мен қоғамдағы бейнесі. Мемлекет пен қоғамның сенімін ақтап, адал қызмет істеу осы отырған баршамыздың азаматтық парызымыз, - деп ойын түйіндеді.

Дереккөз: Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі