ЕСТЕН КЕТПЕС ЕКІ КҮН

Уақыты: 17.12.2023
Оқылды: 668
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Желтоқсан... Осы бір жалғыз ауыз сөзді естіген сайын көз алдыма Алматы көшелерін табанымен таптап бара жатқан тажал бронетранспортерлер елестейді. Тоқтау бермейтін дүлей күш қазір де келе қалып езіп-жаншып жүре беретіндей елегзимін...

Содан кейін... содан кейін... демін әрең алып қиналып жатқан ақын достың, ағыл-тегіл жылап бара жатқан ару қарындастың бейнесі көз алдыма келеді. Тікелей жазығым болмаса да өзімді солардың алдында айыптыдай сезінемін...

Мен дүниені дүр сілкіндірген Желтоқсан көтерілісінің жай-жапсарын көзбен көре алмадым. Ол кезде басқа ауданда, Алматыдан жүздеген шақырым жердегі ауылда журналистік қызмет атқаратынмын. Бірақ шет жағасын көргенімнің өзі-ақ барлық сенім-нанымымның күл-талқанын шығарғандай еді. Сол жолы шын мәнінде дүниеге қайта келгендей, қайта туғандай күн кештім.

ҚазМУ-де сырттай оқуыма байланысты әлдебір қағаздарымды өткізбек болып Алматыға келгенімде оқиға шегіне жетіп қалғандай еді. Жұрттың бәрінің аузында «Студенттер көтеріліпті», «Алаңда үлкен толқу болып жатыр екен...» деген жалғыз ауыз сөз. Бәрі бір-бірінен қорқатындай жарытып ештеңе айтпайды.

Автобустың ішінде орыстар мен қазақтар екі бөлініп тұра қалыпты. Жайшылықтағыдай емес, салқын қабақ, суық көзқарас. Көшеде ара-тұра құлаш-құлаш арматура көтеріп бара жатқан орыс халқының өкілдері ұшырасады.

Не де болса алдымен ҚазМУ қалашығындағы достарымды тауып алып, жағдайды солардан білейін деген оймен солай қарай тарттым. Жоғарыда сөз болған бронетранспортерлер де сол қалашыққа барар жолда, әл-Фараби даңғылында кездескен. Көк болатқа оранған, ұзын саны онға таяу соғыс машинасы Брежнев алаңын бетке алып тартып барады. Дәл қазір ұрысқа кіретіндей тас-түйін тізілген тажалдар жолында кездескеннің бәрін таптап кететіндей әсер қалдырады. Бұған дейінгі түсінігімізде сырт жаумен соғыста ғана қолданылатын алапат дәл қазіргі кезде жан жүрегімізді таптап, езгілеп өтіп бара жатқандай сезіледі.

Автобустағы орысы, қазағы, басқасы бар барша жұрт сілтідей тынып қалыппыз. Ауыр тыныштықты орыс әйелі бұзды:

– Олар әскери жаттығуға бара жатыр...

Барлық көз бұл сөзді айтқан әйелге қадалған.

– Қайдағы жаттығуды айтып тұрсың? Айналада не болып жатқанын көрмейсің бе?

Осылай деп тас-талқан болып ашуланған орыс жігіті кезекті аялдамадан түсіп қалды. Қанды қылмыстың тігісін жатқызуға тырысқан қандасына ашуланды ол.

ҚазМУ қалашығынан бірде-бір досымды таба алмай енді Көкбазар маңындағы тоғыз қабатты биік үйде орналасқан Баспа үйіне тарттым. Іздеген жолдастарым алаңдағы жастардың арасында ма, әлде басқа бір жерде жиналып жатыр ма, оларды бұл жерден де кездестіре алмадым. Соның арасынша солдаттардың, милиция мен жасақшылардың алаңды айналдыра жанды қоршау жасап тастағандығын, жақын барғандардың қолдарын қайырып ұстап жатқандықтары белгілі болды. Содан кейін қаланың Кіші станицасы ауданында тұратын ақын досым Әбубәкір Қайрановтың үйін бетке алдым.

Жасырып-жабары жоқ, бұл күнгі кеште екі ұлт өкілдерінің арасына түскен сызат ұлғая түскен еді. Әсіресе қызбалау келетін жастар жағы тұтануға шақ тұр. Қас қарайған сайын мұндай қауіп те күшейе түскендей. Мұны 17 нөмірлі автобустың ішінде жан-тәніммен сезіндім.

Межелеген аялдамадан түскен бойда көңілімді жайлаған күдіктің негізсіз еместігін байқадым. Анадай жерде әрқайсысы 10-15 жігіттен екі үлкен топ тұр. Негізінен өзге ұлттың жас жігіттері. Автобусқа қайта мінуге кеш, бұрылып кетуге де болмайды. Өйтетін болсаң еліріп тұрған жастар бірден тап бергелі тұр. Тәуекел деп тура өздеріне қарсы жүріп, екі топтың арасынан өттім. «Алаңда таяқ жеп қанына қарайып келе жатқан біреу...» деп ойлады ма екен, ешкім тоқтатпады.

Ертеңіне сол түнгі көше төбелесінде қазақ жігітінің пышаққа түсіп қайтыс болғандығын естідік...

Мұны әлдебір мақтан үшін емес, сол кезде қалыптасқан нақты жағдайдан хабар беру үшін ғана жазып отырмын.

Келесі күні таңертең сол кездегі «Пионер» журналында жауапты хатшы болып істейтін ақын досым Мейірхан Ақдәулетовке соқтық. Кеше ғана сап-сау жүрген азаматты бүгін әл үстінде жатыр деуге болатындай. Әрең дем алады, әрең сөйлейді. Жазалаушылардың тағалы етіктерінің ізі түспеген жері жоқ. Сөйтсе бір әріптесінің үйінде алаңда болған оқиғалар жайында әңгімелесіп отырып қалып, үйге қайтпақ болғанда көшеде солдаттардың қолына түсіпті. «Коммунистпін, журналистпін» дегеніне де қарамай жабылып әбден тепкілеген. Милиция бөлімшесіне апарған соң да аяусыз ұрып-соққан.

Қазақша тергеп, жауап алғаны үшін сол жердегі қазақ офицері де сүйегінен өтер сөз естіпті. Айта берсе, бұл әңгіме таусыла ма?..

Бұл жерде мен орыс халқы өкілдерінің бәрін жау көріп, екі халықтың арасына от салайын деп отырған жоқпын. Бірақ олардың арасында да аузынан қара қаны аққан жекелеген шовинистердің бар екені жасырын емес қой. Сондықтан болған нәрсені болды деп те айтуымыз керек шығар.

Мейірхан ағамның үйінен ауыр көңіл-күйде шықтым. Намысың тапталып, жігерің жасып, істер амалың қалмай бармақ шайнаған жаман екен. Бір мезгіл сол жастардың, Мейірхан ағамның қасында болмағаным-ай деп те өкіндім. Бірақ одан не өзгерер еді?..

Сөйтіп бір қуарып, бір сұрланып тұрғанымда ағыл-тегіл жылап келе жатқан ару қарындасқа көзім түсті. Себебін сезіп тұрсам да «Не болды, айналайын?..», – деп жұбатуға тырысамын. Туған ағасындай құшақтап алып ботадай боздаған ботакөз қарындасымды не деп жұбатуға болатындығы басыма кіріп-шығар емес. Тоқтаусыз төгілген көз жасы кеудеме тырс-тырс тамады. Әлден уақытта барып: «Сұмдық болды ғой, аға...» деген өксікке толы сөзі құлағыма шалынды.

Ару қарындасым көз жасын тыймаған күйі ақырын қозғалып жүріп кетті. Сол сәтте мен оны жұбатудың қажеті жоқтығын түсіндім. Бір ғана қаракөз қарындасымыздың емес, бүкіл халқымыздың жүрегіне жара салып кеткен осы бір қанды оқиға ешқашан ұмытуға да, жұбатуға да жатпайды. Ол жараның аузы осы бір жан толқытар оқиғаға, шын мәнінде көтеріліске толықтай саяси баға берілгенде барып бітелмек.

Желтоқсан оқиғасы сөз болған сайын, жоғарыда айтып өткенімдей,  көше бойлап тізіліп бара жатқан тажал бронетранспортерлер мен сол көшенің бойында ағыл-тегіл жылап бара жатқан ару қарындасым көз алдыма келеді.

Кеш мені, аяулы қарындасым! Нағыз қажет кезде қасыңда бола алмағаным, шамам келгенше қорғай алмай қалғаным үшін кеш... Ондай сұмдық сәт ендігәрі қайталанбасын деп тілейік.

Нүсіпбай ӘБДІРАХЫМ