Рух-жыры: Шалқыма

Уақыты: 17.12.2023
Оқылды: 935
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Тұғырымды тек заңғардан қашадым,
Тұнығымды шыңараудан тарттым да.
Болмысымды шұғыладан жасадым,
Сан жұлдызды қос иыққа арттым да.

Сосын...
баба ерлігімен шөл бастым,
Батырлардың рухын кидім – аймауыт.
Тармақ болып дастандарға жалғастым,
Бунақ болып бозаң шақта ойланып.

Серке етін тіске басқан шақ ұдай,
Аламанды түсіреді тек еске.
Дара күлсем дарқандық қой,
а, Құдай?!
Күлтөбеде күліп кірдім кеңеске.

Мақпал дала шүгініне құладым,
Кеңес түбі – келешектің қамы деп.
Азат таңда жалғыз мәрте жыладым,
Менің қаным боздақтардың қаны деп.

Тұғырымды тек заңғардан қашасам,
Азаттықтың шапағаты емей не?
Болмысымды шұғыладан жасасам,
Рухтың күйі құйылады, ә, көмейге...

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ
Фото: egemen.kz