Қаржы пирамидасына алданғандар көбейіп тұр

Уақыты: 18.12.2023
Оқылды: 624
Бөлім: КҮНДЕРЕК

«Сенбе жұртқа, тұрса да қанша мақтап, әуре етеді ішіне қулық сақтап, өзіңе сен өзіңді алып шығар, еңбегің мен ақылың екі жақтап», - дейді хәкім Абай. Бірақ, данышпанның тілін неге алмаймыз? Біреу «жылдам баюдың жолын үйретемін» дейді, оған иланамыз. Бәз біреу «көп ақшаға кенелтемін» дейді, соған сенеміз. Тегін ірімшік қақпанда ғана болатынын былайғы жұрт ескермей ме? «Аңқау елге арамза молда» деген халықтың несібесі мен ырыс-берекесін алдап-арбап қалтасын қомпайтқандар мен сондай болуға ұмтылғандар көбейді. Сенбейсіз бе? Бір ғана Q-net алаяқтары 231 жетісулықты сазға отырғызған. Оның ішінде сол пирамида өкілдерінің «болашақта шалқып өмір сүресізіне» сенген бір жетісулық бақандай 3,8 млн. теңгесін бере қойыпты. Осылайша Жетісу өңірінен қой терісін жамылғандар 220 млн. теңгені қолды еткен.

Елімізде соңғы 5 жылда алаяқтық 10 есе өскен. Бұл ресми дерек. Соның ішінде қаржы пирамидалары қазақстандықтардың 200 млрд теңгеден астам қаржысын қолды қылған. Жуырда ғана 2017-2019 жылдары қазақстандықтардың алдап соққан алаяқ Украинадан ұсталып, Қазақстанға жеткізілген. Бір өзі қазақстандықтардың қалтасын 1,2 млрд теңгеге қаққан. Сұмдық сома. Мұндай тізімді тізбектей берсек жетіп артылады. Шыны керек, қысқа жіпті күрмеуге келтіре алмай жүрген жұртты алдап «тез байытамын», «аз қаржыға инвестор болып, көп ақшаға жеткіземін» дегендердің айы оңынан туып тұр деген сөз.

Жалпы, құқық қорғаушылар алаяқтардан сақтануға шақырудан танған емес. Жұрттың ырызғы-несібесіне қол сұғуды көздейтіндер заман ағымына сай тірлігін түрлендіріп келеді. Ал тегеурінді заң үстемдігін орнатушылар да сан айлалы қылмыскерлердің жолын кесуге түрліше қадамдарға баруда. Кибералаяқтықпен күресуге «Cyberpol» құрылымы жасақталды, ғаламтор әлеуетін пайдаланып «Кибербақылау», «Baiqa, piramida» жүйелері қолға алынды. Алайда нәтиже көңіл көншітпейді. Жұрт арбау мен алдаудың құрығында кетуде.

Құқық қорғаушылардың айтуынша, қаржы пирамидаларының әлеуметтік желілерде аса белсенді екенін алға тартуда. Олардың айтуынша, алаяқтар әдетте «Instagram» желісінде белсенді екен. Жуырда ғана жетісулық құзырлы орган өкілдері тергеп-тексеру нәтижесінде тұрғындарды инвестициялық жобаға қаржы құюға шақырып, пирамиданы ашық жарнамалаған аккаунтты бұғаттаған. Жетісу облысы бойынша экономикалық тергеп-тергеу департаментінің аса маңызды істер жөніндегі жедел уәкілі Ербол Құрманбаевтың айтуынша, бұл желі қолданушының парақшасы бұғатталмағанда талай жерлесіміз сан соғуы мүмкін болғандай. Одан бөлек, өңірде «Q-net», «Amanat drive» және «Elous» компанияларына қатысты тексеру жұмыстарын жүргізген. Нәтижесінде «Q-net»-тің алаяқтық жолмен жұртты арбап жүргенін анықтаған.

 – Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында қаржы пирамидаларының әрекеттерінен азаматтарға келтірілген залал туралы өзекті мәселені көтеріп, олардың жолын кесу бойынша шаралар кешенін әзірлеуді тапсырды. Осы орайда қазір облыстық экономикалық тергеп-тергеу департаменті ІТ құралдарының көмегімен интернет желісінде қаржы пирамидаларын анықтауды қолға алды. Егер қаржы пирамидасының белгілері байқалған сайттар анықталса киберқадағалау жүйесі арқылы бұғаттау үшін уәкілетті органға жіберіледі. Одан өзге тұрғындар интернет ресурстарындағы қаржылық әрекеттерге күмән келтіретін желі парақшаларын «BAIQA, PIRAMIDA!» телеграмм ботында тексере алады. Бастысы әрбір адам қаржылық сауаттылықты арттыру маңызды, - деді Ербол Құрманбаев.

Облыстық экономикалық тергеп-тергеу департаменті бүгінде тұрғындардың қаржылық сауаттылығын арттыру бағытында да жұмыстар жүргізуде. Мектептерде, колледждерде түрлі семинарларды жиі өткізуде. Жетісу облысы бойынша экономикалық тергеп-тергеу департаментінің аса маңызды істер жөніндегі жедел уәкілі Ербол Құрманбаевтың сөзінше, адал еңбек қана табысты арттырады. Шыны, сол аспаннан ақша жаумайды. «Тез мол қаржыға кенелемін» деп сан соқпас үшін жеке қаржыңызды қайда бағыттап жатқаныңызға мән беріңіз, оқырман. Бастысы, хәкім Абайдың тілін алыңыз!

Дастанбек Садық
Фото: aikyn.kz