Азаттықтың ақ таңын атырды

Уақыты: 17.12.2023
Оқылды: 711
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Желтоқсанда алаңға шыққан қазақ жастары азаттықтың ақ таңын атырды.  Кеңес Одағының сұрқай саясатына қарсы келіп, ажал аузына түскен жастар жаппай алаңға шықты. Оларды бүлікшіл, нашақор деп айыптады. Қуғындап, оқуларынан шығарды.  Абақтыға жауып, ату жазасына да кесті. Алайда жалған жала қазақ жастарының өр рухын өшіре алмады. Керісінше ерік-жігерлерін жалын етіп,  ел намысы үшін бәріне де барды. Осы оқиғадан кейін 5 жылдан соң жарияланған Тәуелсіздік бар қазақтың ең ұлы жеңісіне айналды. Бұл туралы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік – бәрінен қымбат» атты мақаласында ерекше тоқталды.

– 1986 жылы өрімдей ұл-қыздарымыз Кеңес Одағының қаһарынан қаймықпай, ұлт намысы үшін алаңға шықты. Осы күннен соң тура бес жыл өткенде Тәуелсіздігімізді жариялауымыздың символдық мәні зор. Бұл орайда, азаттықтың алғашқы қарлығаштары – Желтоқсан қаһармандарының азаматтық ерлігі лайықты бағасын алып, жоспарлы түрде насихатталуы керек, – деген сөзі 1986 жылғы оқиғаға қатысқан әр қазақтың қуанышын еселеді. Жыр Құлагері Ілияс Жансүгіров «Өз елі өз ерлерін ескермесе, ел тегі  қайдан алсын кемеңгерді» деп айтқандай олардың қаһармандығы бүгінгі жастарға сабақ болуы керек. Аталмыш мақалада Қасым-Жомарт Кемелұлы:

– «Өткен күннен алыс жоқ, келер күннен жақын жоқ» дейді халқымыз. Кешегі өткен хандар мен қағандардың дәуірі ғана емес, соңғы отыз жылдағы жасампаздық жолымыз да бүгінде тарихқа айналып, күн сайын алыстап барады. Азаттық таңын өз көзімен көрген алдыңғы буын болмаса, кейінгі жастар өткен ғасырдың 90-жылдарындағы тарихи оқиғалардың тереңіне бойлап, мәнін жете түсіне бермейді. Тәуелсіздікке тағдырдың бере салған сыйы ретінде қарайды. Шын мәніндегі ахуал олай емес, – деп ел ертеңі жастардың қолында екенін дәлелдей түсті. Сондықтан Тәуелсіздік шын мәнінде тағдыр бере салған сый емес екенін жастарға ұғындырып, қасиетті ұғымның тереңіне бойлатуға тиіспіз.

Ендігі кезекте алдыңғы буын өкілдері   кейінгі толқынға тарихты, еліміздің өткенін, жүріп өткен жолын, қиындықты еңсеріп, осы күнге қандай жағдайда жеткенін жете түсіндіру міндеті тұр. Сол міндетке үлкен жауапкершілікпен қарап, нәтижелі еңбек етейік.

Жүнісхан ЕРМҰХАН,
«Жетісулық желтоқсандықтар» қоғамдық қорының төрағасы
Фото: https://anatili.kazgazeta.kz/news/59390