Қазақ демократиясының жарқылы

Уақыты: 18.12.2023
Оқылды: 604
Бөлім: КҮНДЕРЕК

1986 жылы 16 желтоқсан күні небәрі 18 минутта өткен Пленумда қазақ халқы туралы еш хабары жоқ, Қазақстанда бір күн де жұмыс істемеген өзге ұлт өкілі Г. Колбин елімізге басшы болады деген жарлық шықты. Дәл осы жаңалық бұған дейін де кеңестік салттың кеңінен дәріптеліп, әміршіл-әкімшіл жүйенің күштеп басқаруына іштей наразы болып жүрген қазақ жастарының көтерілуіне негізгі себеп болды.

Жастар – қай заманда да қоғамның қозғаушы күші. Сол кезеңде әміршіл жүйенің жүгінен құтылғысы келген талай жастың біріге тұяқ серпуі – үйретілмеген асаудың аспанға атылуымен тең болды. Сана төрінде азаттық үстемдік құрып, көңілдің көзі ашылды. Бойында күші тасыған біздің де жастық дәуреніміз дәл осы зұлмат заманға тура келген еді.

Бейбіт шерумен басталған қазақ жастарының толқуы қанды қырғынға айналып, мыңдаған жазықсыз жанның нақақтан-нақақ жазаланатыны ешкімнің ойына кіріп-шықпаған еді. Өкініштісі, жүректері «қазақ» деп соққан батыр ұл-қыздарымызға «Ұлтшыл» деген кінә тағылды. Желтоқсанның ызғарлы күндері біз талдықорғандық жастар дауысымызды өктем шығарып, тобымызбен алаңға шықтық. Оқытушылардан «Алаңға барып, арандап қалмаңдар» деген ескертуін естісек те, ұлттық рух пен намысымыз еліміздің бостандығы үшін бейбіт шеруге шығуға жетеледі. «Қазақстанға қазақ басшы!», «Әр халыққа-өз көсемі!», «Ешбір халыққа артықшылық берілмесін!» деген ұранмен ұлт саясатын дұрыс жүргізуді талап еттік. Жүсіп Баласағұн бабамыздың: «Өз пайдаңды ойлама, ел пайдасын ойла. Өз пайдаң соның ішінде» деген сөзін басшылыққа алып, Алаштың төрінде тәуелсіздіктің ақ таңы ату үшін барымызды салдық.

Бүгінде  ұлттық трагедияға ұласқан оқиғаның өткеніне 30 жылдан астам уақыт өтті. Желтоқсан айы жеткенде сол қанды қырғынға ашынып қарап, жүрегімізге әлдебір мәңгілік өкініштің алауы түсіп кеткендей күй кешеміз. Бірақ сол Желтоқсан көтерілісі арқылы қазақ елі өз тәуелсіздігіне жететін соқпақ салды.

Тәуелсіздікті алғаннан кейін ұлтымыз рухани шыңдалып, еліміз қайта түледі. Ұлт санасының бостандығынан асқан бақыт болсын ба?! Бүгінгі жас буынға еркіндігіміздің қандай қиыншылықпен келгенін айтып та, көрсетіп те жүрміз.

Сол желтоқсанда жалындаған жастардың арқасында тәуелсіз әрі алаңсыз өмір сүрудеміз. Бастысы еліміз Еуразия кіндігінде өз даңғылын қалыптастырған дамыған мемлекетке айналды. Оның айқын дәлелі Жетісу облысында көрініс табуда. Өз алдына отау тіккеніне бір жарым жылдан астам уақыт өткен Жетісу облысында оң өзгерістер жеткілікті. Әсіресе, құрылыс саласындағы тынымсыз жұмыс толастамай, жаңа нысандардың тұғыры құйылып жатыр. Мемлекеттің басты бағытының бірі – туризм саласы да қарқынды дамуда. Сөзімізге Алакөл мен Балқаш көлдері және Бұрхан-Бұлақ сарқырамасына дейінгі жолды қайта жаңарту, құны 2 млрд. теңгені құрайтын «Алтын-емел» визит орталығының салынуы дәлел. Одан бөлек аймақтардың өркендеуі үшін «Ауыл аманаты» бағдарламасы қолға алынып, Жетісу облысына 3,2 млрд. теңге бөлінген. Бұл қаржы ауылда қосалқы шаруашылық пен шағын және орта кәсіпкерліктің жұмысын жүргізуді мақсат еткен жандарға берілуде. Өңірімізде тұрғын үй құрылысы да қарқынды дамып, ағымдағы жылдың өзінде 323 мың шаршы метр үй пайдалануға берілді. 2024 жылы «Самұрық-Қазына» қорымен 560 пәтерлі 9 көпқабатты үй салынады деп жоспарлануда.  Сондай-ақ, осы жылы газдандыруға жататын елді мекендердің 44,5 пайызы көгілдір отынға қол жеткізсе, облыс халқының 90,7 пайызы орталықтандырылған сумен қамтылды. Білім беру мен денсаулық сақтау салаларында да ауыз толтырып айтатындай жаңалықтар бар. Бір жылдың ішінде Жетісу жерінде 5 жаңа білім ордасы пайдалануға беріліп, 11 мектеп күрделі жөндеуден өткен. «Жайлы мектеп» жобасы бойынша 2025 жылға дейін 6600 орынды 7 мектеп салу жоспарланған. Жергілікті бюджет есебінен 21 блок-модульді аурухана орнатылып, 15 дәрігерлік амбулатория, 39 Фельдшерлік-акушерлік және 5 медициналық пункттер салынды. Міне, осындай жайларға қол жеткізуге мүмкіндік берген желтоқсаншыларға алғаусыз алғыс білдіру бүгінгі ұрпақтың парызы.

Бүгінгі міндетіміз – қуатты елдің иесі және кемел халық болу. Сол себептен жастарымызды Отанға деген шексіз сүйіспеншілік пен ауызбіршілікке тәрбиелеу маңызды. Өркениетті, көшбасшы елге айналу, бәсекеге қабілетті ұлт қалыптастыру үшін әрбір азамат туған жерге бір тамшы болсын пайдам тисе деген ұғыммен өмір сүруі керек. Егер әрбір азамат мүддесі мемлекет мұратымен ұштасып, ел бірлігін нығайту жолында аянбай еңбек етсе, Қазақстанның алмайтын асуы, бағындырмас биігі болмайтынына сенімдімін.

Гүлнар ТОЙЛЫБАЕВА,
Жетісу облыстық мәслихатының төрағасы
.
Фото: gov.kz