Кеңес заманында мұнай өндірушілер былғап кеткен жерлер тазартылып жатыр

Уақыты: 19.12.2023
Оқылды: 412
Бөлім: КҮНДЕРЕК

ҚазМұнайГаз мұнай ластаған жерлерді тазалап жатыр, деп хабарлайды 7-su.kz желілік басылымы.

2019 жылы «ҚазМұнайГаз» бен ҚР экология министрлігі арнайы меморандумға қол қойған.

Ол бойынша компания 2024 жылдың соңына дейін мұнаймен ластанған жерлерді тазалау және бұрыннан жиналып қалған мұнай қалдықтарын утилизациялау бойынша міндеттеме алды.

Меморандумды ҚМГ-ның «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ, «Өзенмұнайгаз» АҚ және «Қаражанбасмұнай» АҚ секілді еншілес компаниялары қолдады.

Компания жерді тазалап қана қоймай, сонымен қатар рекультвациямен айналысады (топырақты нормативтік талаптарға дейін қалпына келтіру).

ҚМГ-ның басқа да еншілес ұйымдары осы жұмысқа атсалысады.

«Ембімұнайгаз» АҚ және «Қазақтүрікмұнай» ЖШС бұрыннан ластанған жерлерді утилизациялау бойынша жұмыс жүргізеді.

2022 жылы олар келісімшартта көрсетілген аумақта бұрыннан мұнаймен ластанған жерлерді тазалау жұмысын аяқтады.

ҚМГ-ның барлық еншілес ұйымы 2019-2022 жылдар аралығында 2,2 млн тонна «тарихи» мұнай қалдықтарын утилизациялады, оның ішінде:

«Өзенмұнайгаз» АҚ — 976 мың тонна;
«Ембімұнайгаз» АҚ — 607 мың тонна;
«Маңғыстаумұнайгаз» АҚ — 453 мың тонна;
«Қаражанбасмұнай» АҚ — 148 мың тонна;
«Қазақтүрікмұнай» ЖШС — 28 мың тонна.

2023 жылы тағы 639 мың тонна мұнай қалдықтарын жойды.

Тарихи ластанған жерлер — кеңес заманында мұнай өндіру барысында пайда болған түрлі қалдық түрлерін қамтитын ортақ атау (бұрғылау қалдықтары, мұнай шламы, мазутпен былғанған топырақ, мұнаймен ластанған жерлер).

Тарихи мұнай қалдықтары үйінді түрінде немесе мұнаймен ластанған жер дегенді білдіреді.

Фото: Pixabay