Ет неге қымбат?

Уақыты: 18.01.2024
Оқылды: 462
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Ет сатып алушылар өндірушілерден көп табыс табады. Сондықтан да өнім құнының едәуір үлесіне делдалдар ие.

Қазақстан фермерлері қауымдастығы сатып алу бағаларының бес жылдан бері өзгермегенін мәлім етті. Десек те сауда нүктелерінде баға үнемі өсіп келеді. Мамандар да, фермерлер де бүгінде елде делдалдарсыз тікелей ет сату іс жүзінде мүмкін емес екенін айтады. Бұл бірнеше жылдан бері солай. Осы проблемалық мәселе Сенатта да көтерілген. Қазіргі кезде өндірілген өнімді тиімді сату көп фермердің бас ауруына айналды. 

Қалай десек те мал өсіру – оңай шаруа емес, әрі ол біраз күш пен шығынды қажет ететін еңбек. Өндірушілердің айтуынша, ет тұтынушыға жетпей тұрып, бірнеше қолдан өтеді. Оның салдары өнімнің қымбаттауына әкеледі. 

– Базардағы ет бағасы 3 мың теңге және одан жоғары. Фермер осы соманың ең көп дегенде небәрі 1200 теңгесін алатынын түсінулеріңіз керек. Дүкеннің сауда үстеме бағасы – 300 теңге, яғни, 10%-ды құрайды. Ал фермерден алған етті дүкенге немесе сауда нүктесіне жеткізгені үшін делдалға 1500 теңге кетеді, – дейді Қазақстан фермерлері қауымдастығы басқарма төрағасының бірінші орынбасары Ермек Әбуов.

Фермерлердің пікірінше, сату мәселесі өндірушінің мойнына жүктелмеуі керек. Олардың басты міндеті өндіріс көлемін арттыру. ҚР Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиевтің сөзінше, сатып алушылармен күрес белсенді жүргізіліп келеді. Осыған байланысты былтыр мыңға жуық әкімшілік іс қозғалған. Алайда, қабылданған шаралар әлі де оң нәтижесін көрсетіп жатқан жоқ. 

Айгүл Байжұмақызы
Фото: eldala.kz