Қудың қырық айласы бар

Уақыты: 18.01.2024
Оқылды: 409
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Алаяқтық  десе төбе шашымыз тік тұрады. Олар халықты алдап та, арбап та қолға түсіріп жатыр. Көзбояушылар  интернет желілер, сайттар, алып-сату желілері, ватсап арқылы жемтіктерін іздеуде. Қанша қырағы болдым десең де бір жерге хабарландыру беруге  тура келеді.

Қазір көптеген операция  онлайн  жасалады. Бірақ, хабарландыруға байланысты телефонның арғы жағындағы адамның пиғылын біле алмай қалатынымыз рас. Сол үшін өте қырағы болу керек. Қудың қырық айласы бар. Олар бүгінде  құқық қорғау органдары, банк қызметкерінің атынан хабарласуды әдетке айналдырған. Сөздері сенімді, білімі жоғары адамның кейпінде сөйлейді. Бастырмалата сөйлегенде  ойлануға мұрша бермейді. Тіпті олардың мөрін де жасап алған. 

Интернет-алаяқтар «Колеса», «Крыша», «OLX» интернет-сайттарын пайдаланады. Жемтігін сол жерден іздейді.  Сондықтан облыстық  қылмыстық саладағы құқықтық ақпаратты қалыптастыру прокуроры Алмас Нұртілеу интернет қолданушыларды  сақ болуға шақырады. Оның айтуынша, Жетісу облысы бойынша жыл басынан бері 423 интернет алаяқтық дерегі тіркелген. Бұл республика аумағында тіркелген 15 616  алаяқтықтың 1,5 %-ын құрайды. Интернет алаяқтықтың  330-ы Талдықорған қаласында тіркелген.  Ақсу ауданында  4, Алакөл  8, Ескелді  13, Көксу  8, Кербұлақ 4, Қаратал  21, Панфилов 15, Сарқанда 3, Текелі қаласында 17 жағдай. Ондай қылмыс ұялы телефон арқылы іске асқан. 

Алаяқтар банктік ақпаратқа қол жеткізу үшін азаматтардың жеке мəліметтерін алудың түрлі тəсілдерін пайдаланады.  Мысалы, Талдықорған қалалық полиция басқармасына А.  деген азаматтан  шағым түскен. Оның арызы бойынша тергеп-тексеру жүргізілуде. Белгісіз  адамдар оның атынан онлайн несие рәсімдеген. Сақ болмаса олардың айласы көп. Олар тұрғындарға  банк қызметкері ретінде хабарласады. Содан кейін сіздің атыңыздан белгісіз біреулердің несие рәсімдеп жатқанын айтады. Сіз сасқалақтайсыз. Сол кезде банк карточкаңызды тездетіп жабу үшін  картаңыздың мәліметтерін сұрайды.  Мысалы, карточка нөмірін,  картаның артқы жағында орналасқан CV кодын хабарлауды сұрайды. Көбінде алаяқтар WhatsApp мессенджерінің қоңырауларын пайдаланады. Өйткені WhatsApp қоңырауларын бақылау қиын. Алаяқтар басқа мемлекеттен болуы мүмкін. Әлеуметтік желілер, яғни,  «Инстаграмм», «Телеграмм», «Фейсбук», «ВКонтакте»  арқылы мүлікті сату туралы хабарландыруды жариялау кезінде байқау керек.  Алаяқтар көбінесе қымбат заттарды өте төмен бағада  ұсынады. Осылайша сатып алушылардың назарын өздеріне аударады. 

Қазіргі уақытта ішкі істер органдары қылмыстың осы түріне жол бермеу үшін шаралар ұйымдастыруда.  ІІМ қылмыскерлердің алаяқтық əрекеттері туралы ескерту сипатындағы SMS хабарламалар жібере бастады. Ішкі істер министрлігі  банктер немесе құқық қорғау органдарының  қызметкерлерінің несие беру, мүлікті сату жəне ақшасын қауіпсіз шоттарға аудару  туралы телефон нұсқауларын орындамауды ескертеді. 

Құқық қорғау органдары еш уақытта телефон арқылы операция жүргізбейді. Дербес деректер, пластикалық карталардың деректемелерін ешкімге хабарламау, аударымдар туралы түбіртектер, тіпті банк, полиция қызметкерлері атынан хабарласқан тұлғаларға кодтар мен кодтық сөздерді  бермеуді ұсынамыз.  

Жеке деректерді белгісіз жəне тексерілмеген сайттарға жəне басқа ақпарат көздеріне бермеңіз. Тексерусіз алдын ала төлем жүргізбеңіз. Төлемді тауарды алғаннан кейін жасаңыз.  Прокурор Алмас Нұртілеу телефонда ресми App Store, Play Market сияқты  қосымша қолданбаларды ғана пайдалану керектігін айтады. Сондай-ақ, банкинг қызметінде құпия сөздерді үнемі ауыстырып отыру керектігін ескертеді.  Мысалы, 3D қорғау жəне банктер ұсынатын басқа да қауіпсіздік шараларын пайдаланғаныңыз жөн. Банктегі есеп-шоттарыңыздағы  ақша  аударымдарын жиі тексеріп отырыңыз. Ақша, құжат, банк деректеріне мұқият болыңыз. Алаяқтардың қулығы құрық байлатпайтын заманда өмір сүріп жатырмыз. 

Гүлжан ТҰРСЫН
Фото: altaynews.kz