ҚАРИЯЛАРҒА ҚУАНЫШ СЫЙЛАДЫ

Уақыты: 19.01.2024
Оқылды: 545
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Биыл Қазақстан Республикасы мәслихаттарының құрылғанына 30 жыл. Соған орай 30 қайырымды іс-шара акциясы басталды.  

Көксу ауданы мәслихатының төрағасы Жамбыл Бейсенбай, аудандық мәслихаттың депутаттары және аудан өнерпаздары Текелі қаласындағы «Шапағат» арнаулы əлеуметтік қызмет көрсету орталығына барып қайтты.  

1991 жылы құрылған орталықтың бүгінде 324 тұрғыны бар. Оларға 244 қызметкер күндіз-түні кезекшілік ауысыммен қызмет көрсетеді. Орталықта қарттар үшін барлық жағдай қарастырылған. Кең әрі жарық бөлме, таза төсек, дәмді тамақ болса да жақындарына деген сағынышы басым жандар тағдырдың соққысына ұшырағандықтан осы орталықты паналауда. 

Қарттарға  аудандық мәслихаттың төрағасы Жамбыл Жанатұлы ізгі тілегін арнап, мықты денсаулық тілеп, арнайы сыйлықты орталықтың директоры Алма Нұрмыхановаға тапсырды. Ал аудандық Мәдениет үйі қызметкерлері әсем әннен шашу шашып, мың бұрала биледі.  

Шара соңында Текелі қалалық  мәслихатының төрағасы Бауыржан Түгелбаев, орталық директоры және бірнеше қария жылы лебіздерін білдіріп, алғыс айтты. 

"Жетісу-Ақпарат"