Жер-анаға құрмет

Уақыты: 25.04.2024
Оқылды: 261
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Жердің де күні бар екен. Құрметті оқырман, «естімеген ел де көп» дегенмен, 2009 жылғы Біріккен Ұлттар Ұйымының қарарына сәйкес 22 сәуір «Жер-ана» күні халықаралық деңгейде аталып өтіледі. Экобелсенділер табиғатты аялауға, қоршаған ортаны қорғауға шақырып, жаппай флеш-моб өткізетін. Бұл күні талдықорғандық белсенділер де қатардан қалмады. Қала орталығында жиылып, әлемдік шараға үн қосты.

І. Жансүгіров атындағы Жетісу университеті жанындағы экоклуб және облыстық футболдан мамандандырылған балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің тәрбиеленушілері атсалысқан шара құр ұранға құрылмапты. Әдеттегідей қоршаған ортаны қорғау, тұрмыстық қалдықтардан тазарту сынды жалаң сөзге бой алдырмады. Университеттің техникалық факультетінің оқытушысы Элмира Бөкенованың айтуынша, қоршаған ортаны қорғау үшін отбасындағы тәрбиені қалыптастыру керек.

– Бізде экология дегенде тазалық акциясы, флешмоб елестейді. Шын мәнінде, экологиялық шара табиғаттың әрбір бөлігін сақтауға бағытталуы керек. Мысалы, Америкада мамонт ағашы атанған мыңжылдықтардың куәгері секвойя ағашын кеспек болғанда Джулия Хилл есімді экобелсенді қарсылық танытыпты. Екі жылдан аса уақыт жерге түспей ағаш басын паналапты. Ағаш өңдейтін кәсіпорын амалсыз мамонт ағашын кесуден бас тартыпты. Жалпы, экология терминінің аясын тарылтпай, өсімдік, жан-жануар әлемін қорғауды да ойластыру керек. Қазір өңірімізде өсетін өсімдіктердің өзі толық зерттелмеген. Кейбір өсімдіктер белгіленген аймақтарда өседі. Олардың құрып кетпеуін де ойлауымыз керек, – дейді Э. Бөкенова.

«Зеленая солидарность» қоғамдық бірлестігінің мүшелері өңірдің экологиялық мәселелерін сөз етсе, І. Жансүгіров атындағы Жетісу университеті жанындағы экоклуб мүшелері қоршаған ортаға спортшылардың қамқорлығы жайлы әңгіме қозғады.

– Спортшылардың қоғамдық ойды өзгерте алатынына көз жетті. Мәселен, бір жиында Криштиану Роналду алдына қойған Coca-cola сусынын алып, үстел астына қояды. Бұл сусынның адам денсаулығына зиян екенін денсаулық сақтау саласының өкілдері жиі айтып жүр. Әйгілі футболшының бір ғана әрекетінен осы өнімді шығаратын компанияның акциялық құны төмендеп, тауар сатуында қиындықтар пайда болған. Міне, осы мысал спортшылардың қоршаған ортаны қорғауда өз салмағы барын айқындайды, – дейді І. Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің студенті Айшат Жақыпбай.

«Жер-ана» күні атауы таңсық, әрине. Бірақ, табиғатты қорғау бір күнге негізделмейтінін ескеру керек. Өйткені, жер тек планета емес, біздің анамыз.

Дастанбек САДЫҚ
Фото: class-central.com