Тіл мерейі – ел мерейі

Уақыты: 19.08.2018
Оқылды: 1053
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Ұйғыр аудандық орталық кітапханасында облыстық ішкі саясат басқармасының ұйымдастыруымен «Ұлтаралық келісім және қоғамдық сананы жаңғырту» атты тақырыпта конференция өтті. Оған өңірдегі ауылдық ақсақалдар алқасының төрағалары, жастар ұйымы өкілдері, аудандық мәслихат депутаттары мен мекеме басшылары қатысты. 

Облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Жаныс Сапарғалиев жүргізіп отырған басқосуда Ұйғыр ауданының әкімі Ш. Нурахунов сөз сөйледі. Ол аталған тақырып төңірегінде атқарылып жатқан жұмыстардың мән-жайын баяндады. Ауданның жартыжылдықтағы қорытындысын ортаға салды. Жалпы, өңірде Елбасы  Н. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласынан бастау алған игілікті іс-шаралар үзілген емес. Оның дені тұрғындар арасындағы ынтымақ пен бірлікке, салт-дәстүрімізді өрістетуге, ауыл тұрғындарының өнері мен мәдениетін, спортын өркендетуге бағытталуда. 
Конференцияның қадірменді қонағы, республикалық «Ұлт тағдыры» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, белгілі қоғам қайраткері, саясаткер Дос Көшім сөз алып, мемлекеттік тіл мәселесін қозғады. Ол мемлекеттік тілге қажеттілікті тудырмайынша оның өрісі кеңіп, мәртебесі көтерілмейтінін айтты. Төменгі буындағы қызметкерден бастап министрге дейін мемлекеттік тілді білуі, қадірлеуі керек. Сонда ғана тіліміздің келешегі кемелдене түседі. 
Жылышырайлы жүздесуде облыстық мәслихаттың депутаты Ызғарбек Бектұрсынов сөз алып, өзін толғантып жүрген мәселелер туралы ойын ортаға салды. Басқосу барысында «Ұрпақ парызы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Жанет Керімқұлов та көкейдегі сұрақтарын қойып, оған толымды жауап алды.
Конференция жұмысын облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Ж. Сапарғалиев қорытындылап, тақырып төңірегінде келелі ой қозғап, жиынға қатысқан қауымға алғысын білдірді. 

Қанат БІРЖАНСАЛ
Ұйғыр ауданы