Зауыт жұмысымен танысты

Уақыты: 25.08.2018
Оқылды: 1008
Бөлім: КҮНДЕРЕК

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Амангелді Дәуренбаев іссапармен Ақсу ауданына келді. Онда күзде іске қосылады деп жоспарланған қант зауытының жайымен танысты. Бүгінде зауытты қайта жаңғырту жұмысы қарқынды жүріп жатыр.

Аудан әкімінің орынбасары Амандос Сабырбаев пен «Ақсу қант» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры Самат Надирбаев алдағы жоспарды баяндады.
– Өткен аптада облыс әкімі Амандық Баталов жұмыс сапарымен келді. Іске асып жатқан жұмысқа көңілі толып, бірқатар тапсырма жүктеді. Қазір зауытты қайта жаңғыртудың 80 пайызы аяқталды. 25 қыркүйектен бастап тәтті түбірді қабылдай бастаймыз. Ал 25 қазаннан бастап толық іске қосамыз деп жоспарлаудамыз. Ақсу, Сарқан және Алакөл аудандарынан тәтті түбір қабылдаймыз, – деген Самат Тілеубайұлы осы күнде ұжымында 246 адам қызмет етіп жатқандығын айтты. Зауыт іске қосылғаннан соң жергілікті тұрғындардан  600-ге жуық  адамды жұмыспен қамтымақ. 
Депутат жұмысшылармен де пікір алмасып, жағдай сұрасты. 
– Алматы облысы экономикалық-әлеуметтік жағынан қарқынды дамып келеді. Оған нақты дәлелдер де жетерлік. 2015 жылы Көксу қант зауыты өнім шығарса, міне, биыл Ақсу қант зауыты жұмысын жандандырмақ. Биыл 150 мың тонна қант қызылшасын қабылдауға мүмкіндіктері бар, – деген Амангелді Айдарұлы межелеген көрсеткіштеріне жетулеріне тілектестік білдірді. 
Зауытқа қажетті қондырғылар шет мемлекеттерден әкелініп, орнатылуда. Технологиялық процестер де автоматтандырылуда. Керекті қаржы да уақытылы бөлініп, талапқа сай жұмсалуда. Осылардың барлығынан хабардар болған халық қалаулысы зауыт жұмысына оң бағасын берді.
 
Мәулен ӘНЕРБАЙ
Ақсу ауданы