Қамсыз қалуға болмайды

Уақыты: 11.09.2018
Оқылды: 1064
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Өткен жылғы қыс жерлестерімізді біраз әбігерге салды. Қалың қар басып, жолдар жабылып, түрлі қауіп-қатері мол төтенше жағдай орын алды. Алайда, тиісті мекемелердің дер кезінде көмекке келуімен тұрғындардың мазасын қашыратын апатты жағдай орын алған жоқ. Синоптиктердің болжауынша, биылғы қыс та қиын болайын деп тұр. Осыған орай, күнделікті жағдайы сан құбылатын жол саласына жауапты мамандар облыс әкімдігіне жиналып, облыс әкімінің орынбасары Айдарбек Байжановтың төрағалығымен қысқа дайындық жұмысын пысықтап алды.

Жалпы, облыстағы 9 мың шақырымға жуық автокөлік жолының 6 мың шақырымнан астамы республикалық, қалғаны облыстық, аудандық маңызы бар жолдар санатында. Оның 250 шақырымы қауіпті жолдар қатарына жатады. Бұл топқа Алтынемел, Кеген, Арқарлы асулары мен  қыстыгүнгі қалыпсыз ауа райы мен қатты желдің әсерінен қар басып қалып, көлік қозғалысын қиындататын кейбір жол бөліктері жатады. Өткен жылғы қалың қар мен күшті желдің салдарынан бірнеше рет жол жабылу жағдайы тіркелгенімен, облыстық және аудандық төтенше жағдай қызметтерінің дер кезінде көмек көрсетуінің арқасында жағдай тез тұрақтанып отырды.
Биыл сондай апатты жағдайлардың алдын алуға 15 мекеме мен 40 шақты бөлімше жауапты болады. Жиында Айдарбек Естебекұлы олардың әрбірінің техникалық мүмкіндігі, мамандардың жағдайы мен жұмыс сапасын тәптіштеп тексеріп шықты. Бәрінің де қысқа дайындығы мығым екен. Бүгінгі таңда облыста қыстыгүнгі жол қозғалысын кепілдендіруге қажетті екі мың тоннадан астам инертті материалдар әзірленген. Автожолдарды күтіп-баптайтын және қауіпті жағдай бола қалғанда көмекке баратын 400-ден астам техниканың дайындығы да сақадай сай. 
Әне-міне, дегенше, күз айының да алғашқы аптасын артқа қалдырдық. Енді қылышын сүйретіп қақаған қыс та жетіп келеді. Демек, етекті кеңге салып отыруға болмайды. Осы жағдайды тағы бір рет еске салған облыс әкімінің орынбасары қыстыгүнгі жолы қауіпті аймақтардағы бөлімшелерге жұмысты ширатып, қауіпті жерлерге жолаушыларға жәрдем көрсететін жылыту бөлмелерін салудың қажеттілігін ескертті. Сонымен бірге, жол бойында төтенше жағдай бола қалғанда әр бөлімше «Бұл менің жауапты аумағыма жатпайды», – деп жайбарақат жатпай бір-біріне селбесіп, апатты жағдайды болдырмауға күш салу керектігін тапсырды.

Қажет АНДАС