ХАЛЫҚ ҚАЛАУЛЫЛАРЫ ҚАПШАҒАЙДА

Уақыты: 11.09.2018
Оқылды: 1070
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Облыстық мәслихат тұрақты комиссияларының көшпелі отырысы Қапшағай қаласында өтті. Көліктік логистикалық инфрақұрылымдарды дамыту, индустриялық-инновациялық, энергетикалық инфрақұрылымдарды, туризмді дамыту, шағын және орта бизнесті қолдау сынды мәселелер қаралған жиынның алдында комиссия мүшелері мен облыстық мәслихаттың депутаттары бес спорттық алаңы бар қалалық стадионды, биыл ғана ашылған қалалық жағажай мен футбол, волейбол алаңдарын, қалпына келтірілген  шағынаудан көшелерін көріп шықты.

«Нұрлы жол» инфрақұрылымдарды дамытудың 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының облыстың көліктік-логистика саласында жүзеге асырылуы туралы «Алматы ҚазАвтоЖол» АҚ Алматы облыстық филиалының басшысы Жаңабай Қобланды баяндап, өңір тұрғындары үшін маңызды мәліметтерді таныстырды. Баяндамашының айтуынша, облыста республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 2822 шақырымды құрайды. Соның ішінде 525 шақырым жолға қайта құру жұмыстары жүргізілген. Мәселен, 2016 жылы «Алматы – Талдықорған», 2017 жылы «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық транзиттік дәлізінің құрамындағы «Алматы – Шелек – Қорғас» автомобиль жолдары ашылып, ел игілігіне берілсе, «Орталық – Оңтүстік» дәлізі бойынша «Алматы – Қапшағай», «Қапшағай – Талдықорған» жолдарының құрылысын жүргізуге бірнеше мердігер компания қатысқан. Қазір Сарқан қаласының айналма жолына қайта құру жұмыстары жүргізілсе, «Үшарал – Достық» автожолына күрделі жөндеу жоспарланып отыр. 
Күрделі жөндеу жұмыстары бойынша да атқарылар шаруа көп.  Мәселен, «Көкпек – Кеген – Түп – Жалаңаш – Саты – Көлсай көлі» бағытындағы жолға, «Алматы – Бішкек», «Алматы – Көкпек – Құлжа – Көктал – Қорғас» жолдарына күрделі жөндеу жұмыстары мен жаяу жүргіншілерге арналған аспалы көпір құрылысы қолға алынбақ. 
Бүгінде облыс бойынша республикалық маңызы бар жолдардың бойында 340-қа жуық қызмет көрсету нысаны жұмыс істеп тұр. Олардың 219-ы стандартқа сәйкес келмейді. Депутаттар тарапынан сынға ұшыраған мәселелер Балпық би мен Бақтыбай, Ақсай, Қарқара сияқты жолдардың жасалуының жылдарға созылуы мен жоба аясында қаралмай қалған істердің шалалығында болды. Халықаралық стандартқа сәйкес үлкен жолдар торабында көлік тоқтайтын айналма жол мен әрбір 40 шақырым жерде дәретхана тұруы тиіс. Бірақ бұл мәселе жоба аясында қамтылмай қалған. Филиалға келген жаңа басшы Жаңабай Нағымұлы бұл мәселені алдағы уақытта шешеміз деп уәде берді. Одан бөлек, жоспар бойынша «Алматы – Қапшағай», «Алматы – Қорғас» автомобиль жолдарын ақылы негізде және интеллектуалдық транспорттық жүйеге ауыстыру көзделіп, арнайы ақы алу пункті, бақылау бекеті, ақы өндіру бейнекамералары, метеостанция, барлық жол бойына түтіктік-оптикалық желі, автокөлік массасын анықтайтын құрылғылар орнатылмақ. Ақылы жолдың қашықтығын 6 мың шақырымға жеткізу көзделіп отыр. 
Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, бір жылдың ішінде үлкен жолдың үстінде 600-ге жуық көлік апаты орын алған. Мұның бәрі жылдамдықты асырудан екендігі анықталып отыр.
Отырыста қаралған екінші мәселе – облыста бәсекеге қабілетті туристік индустрия құру мақсатында жүргізілген жұмыстар жайлы облыстық туризм басқармасының басшысы Жанар Алчимбаева әңгімеледі. Оның айтуынша, туризмді дамыту үшін соңғы үш жылда мемлекеттік бюджеттен 15,7 миллиард теңге бөлінген. 2015-2017 жылдары жеке инвестиция есебінен 102 туристік нысан қолданысқа беріліп, мыңнан аса жұмыс орны ашылған. Оның ішінде Алакөл көлінің жағалауында 59, Ұйғыр ауданындағы ыстық қайнарларда 14, Талғар ауданында «Ақбұлақ» пен «Лесная сказка», Талдықорған қаласында бес жұлдызды қонақүй салынған. Қазіргі таңда Балқаш, Көлсай, Таңбалы музей қорығы, Шарын шатқалы сияқты туристік нысандарға апаратын жолдарға қайта құру жұмыстары жүргізілуде. Ал, жоспар бойынша жалпы құны 240 миллиард теңгеден астам үш жоба қолға алынбақ. Олар – Түрген шатқалында орналасқан тау шаңғысы курортына көп функционалды отбасылық ойын, сауықтыру кешенін салу, Үлкен Алматы каналы бойына автомобиль жолының туристік инфрақұрылымын құру, «Ақбұлақ» халықаралық туристік орталығын дамыту.
Отырыста қаралған үшінші мәселе – Қапшағай қаласының экономикалық-әлеуметтік дамуы жайлы қала әкімінің орынбасары Ақтамберді Қалқабай әңгімеледі. Баяндамашының сөзіне қарағанда, қаланың өнеркәсіптік кәсіпорындары жеті айдың ішінде 34192,8 миллион теңгенің өнімін өндірген. «Маревенфуд» ЖШС-де макарон өнімдерін өндіру бойынша 3 желі іске қосылса, “Сарыбұлақ жел электр станциясы” ЖШС-нің құрылысы аяқталған. Заречный ауылында «Нұртау-А» резеңкеден жасалған бұйым өндіретін цех іске қосылып, 20 жұмыс орны ашылған. Ал, «Қапшағай құрылыс комбинаты», «Юнион Перлит», «Қапшағай гранит» кәсіпорындарында өндіріс алаңдарын кеңейту есебінен қосымша 45 жұмыс орны құрылған. 
Халық қалаулылары үш тақырып аясындағы баяндамаларды тыңдап, сауалдарына тиісті жауаптарын алды.

Мақпал МЫСА
Қапшағай қаласы