Тулайды толқын, шулайды шағала

Уақыты: 16.09.2018
Оқылды: 2307
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Сонау 1928 жылдан бері Алакөл ауданы қаншама өзгерістер мен тарихи оқиғаларды өткерді десеңізші?! Табиғатына сай адамдары да кішіпейіл, жанына жақсылық пен береке ұялатқан өлкенің тұрғындары да қонақжай һәм мейірімді. Танымал ақын Бауыржан Жақып: 
Барасың жылдан-жылға абаттанып,
Көңілім тыншыр сенде тағат тауып.
Адам боп келіп, құсқа айналғандай,
Қайтамын Алакөлден қанаттанып,
– деп жырласа, Алакөлдің, ауданның заман талабына сай көріктенуі емей немене?! Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың осы өңірге келіп, болашақтағы көрінісіне шырай берерлік ниет танытса, шағалалы өлкенің бұрынғыдан да құлпыра түсері анық.

«Алакөл» атауы ежелгі түрік және моңғол сөздерінен аударғанда «ұлы көл» немесе «таулы көл» деген мағына береді. Жергілікті тұрғындар көлді пішінінің, түсінің, көлемінің әртүрлі болғаны үшін «Алакөл» деп атап кеткен көрінеді. Осы қасиетті өңірден қаншама өнерпаз бен мәдениет, әдебиет, ғылым қайраткерлері шықты. Олардың қатарында Әнуар Әлімжанов, Қастек Баянбаев, Сәкен Иманасов, Теміржан Базарбаев, Зейнеп Қойшыбаевалар мен Жұмахан Балапанов, Қанипаш Мәдібаева, Манат Баяхметовтерді атасақ та жеткілікті. Ал кәсіпкер бауырымыз Бауыржан Оспановтың өзі ауданымыздың ғана емес, алты Алаштың мақтанышы десек жарасар.
Кез келген адамға туған жері ыстық, оның суы мен ауасы, дәмі мен сыйласып жүрген адамдары да көзге жылы ұшырай кетеді. Жерлесіміз Ахмет Кендірбек бұл жайында:
Сағынып келдім, тулайды толқын,
Шулайды ерке шағала.
Баса алмай тұрмын, 
сезімді жойқын,
Ақ айдын, өзің бағала.
Алакөл, саған асығып жеттім, 
Жан едім ерте табынған.
Көп болды сенен алыстап кеттім, 
Бір балаң едім сағынған, – деп төгілтеді. Алакөлдің азды-көпті тарихы да қызықты. Мұны әрбір аудан перзенті, әрбір туған жерін сүйетін азамат білуі тиіс деп есептеймін. Журналист Думан Анаш Алакөл туралы жазған сараптамалық мақаласында көл тарихы жайлы жан-жақты деректер келтіреді. Ықыласпен оқып көрелік.
«1245 жылы Рим папасы IV Иннокентийдің жіберуімен италиялық монах, саяхатшы Джованни да Плано Карпини Еділ жағасындағы Бату ханға келіп, ұлы қаған алдына жетуге рұқсат алады. Әйгілі жиһанкез Карпини Шыңғыс қағанның ордасына елшілікке аттанғанда, жол-жөнекей Алакөлді басып өткенін жазыпты. Еуропа жұртының Алакөлдің атын естуі осы болуы мүмкін. Әйтсе де, Шыңғысхан ұлысына көз салуға кімнің дәті жетсін?! Шыңғыс қаған мен оның қалың қолы Алакөлде талай ат шалдырған. Бұл жөнінде тарихи деректер жетерлік», – дейді журналист оқырманды қызықты деректермен ынталандырып. Ары қарайғы ойын: «Соның бірі – көл атауы бұрынырақта «Түрге Нұр» аталыпты. Қазақ тіліндегі аудармасы «Көпір көл» дегенді білдіреді. Ертеректе көл ортасындағы аралдарға су астындағы көрінбейтін жонмен салт жүріп отырып, жылқы апарып тастайтын кәнігі ұрылар болған деседі. Оның ізіне ешкім түсе алмайды. Себебі, көл бетінен қай тұс терең ойдым, қай тұс саяз жон екенін тап басып айтатындар сирек. «Көпір көл» атауы осыған орай тууы мүмкін. Сонымен бірге, соғыста алған жарақаттарын сарбаздар Алакөлде шомылып жазатын болған. Яғни, көл суының ауызы ашық жараға шипасы Шыңғысхан дәуірінен белгілі бола бастады. Су құрамында тұз бен йод, минералды заттар мөлшері өте көп. Осыған орай, көлдің «Итішпес» атауы тағы бар. Қазақ-жоңғар соғысының осы өлкеден басталуы тегін емес. Қасиетті Жетісу мен Арқаның ұштасқан аумағы. Қазақтың қай бүйірінен де соққы беруге ыңғайлы, жері шұрайлы, малға да, жанға да жайлы. Желмая мініп жер шалған Асанқайғы Алакөлді көргенде құтына сүйсінсе-дағы: «Ұрыстың иісі шығып тұрған жер екен!» – депті. Орда жұртының ақылманы, анық көреген қалт айтпапты», – деп жалғастырады.
Думан Анаштың дерегінше, ертеректе қалың қытайға да, Қашқарға да, Ферғанаға да, Ібір-Сібір жұртына да, моңғолға да алыс емес, тоғыз жолдың торабында, Жібек жолының бір саласында жатқан сулы-нулы жер жау біткеннің көз құртына айналған. «Ханбатыр» атанған Қаракерей Қабанбайдың Алакөл өңірінде туып, ержетуінің өзі келешекте қанды жорықтар мен шайқастар желісін осы өңірде құрған Құдайдың жазмышы, қазақтың аяулы суын өзінде қалдыруға жазған талқы тағдыры сияқты. Қазақ мұны: «Құдайдың қабағы оң екен», – дейді. Қабанбай батыр жөніндегі аңыз-әпсана, қисса-дастандарда өңірдің жер-су атаулары жиі айтылады. Соның бірі – көлдің батысындағы Тоқта тауы. Ақ боз аты ғана көтеретін алып Қабанбайдың азан шақырып қойған аты Ерасыл екені мәлім. Ағасы Есенбайды жоңғарлар өлімші ғып жаралап, жылқысын қуып кетеді. Соңынан іздеп шыққан інісі қансыраған ағасының қасынан өте бергенде шала-жансар батыр тілін икемге келтіріп: «Тоқта», –деуге ғана шамасы жетіпті. Сол себепті етегін Алакөл жуып жатқан заңғар Тоқта аталыпты деседі. Әрине, бұған қоса Асанқайғы Алакөлдің теріскейіне жетіп, аса таяғын сілтеп қалып: «Тоқта!» –дегенінен қалған сөз делінетін тағы бір дерек бар.
Зерттеу мақаласын осылай тарқатқан Думан Анаш мұндағы шағала тіршілігі туралы Мұхаңның тұңғыш ұлы Ернар Әуезов он жыл бойы зерттеу жүргізгенін тілге тиек етеді. «Қаршадай құс туралы орнитологиялық очерк жазып қалдырған. Оксфорд, Кембридж университеттерінде дәріс оқыған Ернар Әуезовтің бастамасымен Алакөл қорығы ашылғанын біреу білсе, біреу білмейді. Ол өзі тапқан қара мойнақ шағаланы сақтап қалу мақсатында 1972 жылы қорықша ашылуына мұрындық болған екен. 1998 жылы құрылған Алакөл мемлекеттік табиғи қорығының түп негізі осы реликті шағаланы қорғау мақсатындағы қорықшадан бастау алады. Көп заман адам аяғынан алыс тұрғандықтан да көлдің жалпы фаунасы жақсы сақталды», – дейді зерттеуші.
Десек те, Алакөл ауданының өткен-кеткен шежіресі, айтарлықтай үлкен болмысын бір ауыз сөзбен жеткізу оңай болмаса керек. Ауданға көрсетілер құрмет әлі алда десек, 90 жылдық мерейтойға біздің дәуірдің ұрпақтары шексіз қуануға тиіс. Тоқсан жылдық тойдың қуанышына ортақтасу біздің буынның маңдайына бұйырыпты. Бұл – үлкен бақыт. Мақаладан мән түйсеңіздер, ең басты жетістік біз үшін сол. Өйткені, жүректен шыққан лебіз қаншалықты шынайы болса, тыңдаушы құлаққа да сол қалпы құйылары хақ.

Мұратбек ИМАНҒАЗИНОВ,
Ілияс Жансүгіров атындағы ЖМУ-дың профессоры,
филология ғылымдарының докторы,
«Ілиястану» ғылыми-практикалық орталығының меңгерушісі
 

ЖЫР-ШАШУ

ҚАНЫ ҚАЛҒАН БАБАМНЫҢ

Алакөлге тие қалса табаның,
Мықтап еске сақта әр кез, қарағым.
Қай қазақтың байтақ жері болса да,
Қаныменен қалған ата-бабаның.

Мекен еткен Жоңғартаудың алабын,
Қатуланса қар басатын қабағын.
Жер бетінен жоңғарларды жоқ еткен,
Қабанбай мен Қасабайдай дарамын.

Арқалансам арқан керіп тоқтатпас,
Қубасаттай жер сілкінтіп шабамын.
Ұлы жоңғар қақпасының тұтқасы,
Өз қолымда, өзім ашып, жабамын!

Кірпік қақпай шекарада «Достық» тұр,
«Айдаhарға» кезеп алтын садағын.
Ұлы Жібек жолы жатыр созылып,
Ел сүйреген табанындай шананың.

Бүкіл Орта Азияға туымды,
Мұxаметжан Тынышбай боп қададым.
Алакөлдің ақ толқыны – ақ көбік,
Ебі соқса, есін алған жағаның.

Әнуар да аты жеткен әлемге,
Қарлығаш та басқан алғаш қадамын.
Балапан боп осы елден талпынып,
Жұмаxан боп ғылым шамын жағамын.
Желкен кермей жүрегіңе жүзбессің,
Өткел бермей Тентек сынды ағамын.
Малғаждардың «Талас» күйін ойнасам,
Домбыраның шаң қыламын шанағын.

«Қаздар қайтса» Теміржандай тебіреніп,
Қимастықпен қолым бұлғап қаламын.
Заты – ана, аты – дара бұлбұлым,
Саxнада Зейнеп әнін саламын.

Ар алдында мен өзімді Сәкендей,
Дар алдында тұрғандайын санадым!
Жыландысы қыран құсын түлеткен,
Бауыржаным шегесі алтын тағаның.

Қамысқалам «Барыс» маған сыйлаған,
Бақытым бар бүгін аңыз адамым.
«Дара сарқыт» Сиднейден кеп жеткен,
Бағасы артық Айдын таққан қоламын.

Алтын балық түспесе де ауына,
Алтын xалық тұратын Үшаралым!
Басыңды и, топырағын сүй, қадірле,
Бізді өсірген киелі Жер-ананың!

Айбек ҚҰТТЫБЕК