ҚОС ҚУАНЫШ

Уақыты: 16.09.2018
Оқылды: 872
Бөлім: КҮНДЕРЕК
Ақсулықтар жаңа оқу жылын жағымды жаңалықпен бастады. Ауданда алғаш рет  Есмұрат Сиқымов атындағы білім ордасында жаңа жоба бойынша  білім беретін «IT – сыныбы» ашылды. 
Сынып ақысыз дәріс беруге арналған. Мектеп базасындағы аталмыш сынып 150 баланы жаңа білім жүйесімен қамтыды. Дәлірек айтсақ, робототехника сыныбына 75, IT-ға  75 оқушы қабылданды. Жаңа жүйені тегін оқыту ата-аналар үшін де тиімді.  Мұнда бағдарлама және робот техникасының қыр-сырын меңгеру  негіздері бойынша дәріс беріледі.  Бұл  жастардың әлемдік жобаларға қатысып, бәсекеге қабілетті маман болып қалыптасуына мүмкіндік тудырады. 
Қарасу ауылдық  округіне қарасты Тарас ауылына таза ауызсу жүргізілді.  Ауылда  барлығы 75 отбасы  тұрады.  Барлық аула  ауызсумен  қамтылды.  
Көптеген жыл судың зардабын көрген елді мекен тұрғындарының бүгінде қуанышында шек жоқ. Су құбырына бюджет қаражатынан  205 млн. теңге жұмсалды. Өткен жылдың мамыр айында басталған жұмыс араға алты ай салып аяқталды.  Аудандағы тағы 3 ауылда ауызсу тарту шаралары жалғасын табуда.  Олар Қарашілік, Көкөзек және Шолақөзек ауылдары. Өмір нәрімен қамтамасыз ету кезең-кезеңімен барлық елді мекенде жүзеге асырылмақшы. Игілікті істің  нәтижесі көпті ризашылыққа бөлеуде. 
 
Гүлжан Мұқашқызы
   Ақсу ауданы