БАЛАЛАР МЕРЕЙІ ТАСЫҒАН КҮН

Уақыты: 22.09.2018
Оқылды: 1196
Бөлім: КҮНДЕРЕК

   Тұңғыш Президент қорының ұйымдастыруындағы дәстүрлі «Аман келешек» фестивалі өзінің бес жылдығын Қарасай ауданындағы табиғаты тамылжыған «Арман дала» балалар демалыс орталығында атап өтті. Еліміздің 15 өңірінен 500-ге жуық оқушының басын қосқан мәдени-спорттық мереке балаларға ұмытылмастай әсер қалдырды.

 

   «Шекарасыз балалық» тақырыбында «Аман рух – Аман келешек» ұранымен өткен фестивальға жалпы саны екі жарым  мыңнан аса адам жиналды. Облыстардан келген өрендер Астана командасының бастауымен салтанатты шерумен жүріп өтіп,  сап түзеп тұрғаннан кейін, фестиваль жалауын Олимпиада чемпиондары Ермахан Ибраимов, Ольга Шишигина және паралимпиадашы Азамат Оразбек көтерді. Тұңғыш Президент қоры атқарушы директорының орынбасары Игорь Рогов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Бірғаным Әйтімова, облыс әкімінің бірінші орынбасары Лаззат Тұрлашов балаларға құттықтау сөздерін арнап, әлемнің 30 озық елінің қатарына енуге ұмтылған еліміз жастарының жаны да, тәні де сау, рухы асқақ, білімді азамат болып қалыптасуының маңызы зор екеніне тоқталды.
   Одан кейін белгілі спортшылар, бишілер, конструкторлар, цирк өнерпаздары, журналистер, кино және басқа да салалардың шеберлері көрерменнің құрмет-қошеметімен ортадан өтті. Сондай-ақ, әлемді мотоцикльмен айналып шыққан саяхатшы-байкер Дмитрий Петрухин екі аяқты көлігімен көпшіліктің көз алдында Қазақстан Туы мен фестиваль жалауын желбіретті. Жылдағы сияқты биылғы фестиваль де балаларға керемет көңіл-күй сыйлады. Жиынға құрметті қонақ ретінде қатысқан қоғам қайраткерлері, спорт, кино, эстрада жұлдыздары олармен жүзбе-жүз кездесіп, тағылым аларлық ой-тілектерімен бөлісті, бірге өнер көрсетті. Әртүрлі командалық ойындар, ұшу аппараттарының көкте самғауы, жастардың флешмоб биі, шырқалған ән-жыр да ең жарқын сәттер болды. 
   Фестивальдің басты мақсаты – салауатты өмір салтын қалыптастырып, мүмкіндігі шектеулі және жетім балалардың қабілеттерін ұштап, білім, мәдениет және спорт салаларына жол ашу. Бұл орайда фестиваль аясында оларға он тақырып бойынша түрлі мастер-кластар өткізілді. Алматыдағы Оқушылар сарайы, Эстрада-цирк колледжі сияқты оқу орындарының ұстаздары әртістік шеберлік, авиа-класс, цирк өнері, радиожурналистика, қолөнерге баулу, би, аспаздық сабақтарын жүргізді.

Серік САТЫБАЛДИЕВ.