ТАЛДЫҚОРҒАНҒА ТҰРСЫНБЕК ҚАБАТОВ КЕЛДІ

Уақыты: 02.10.2018
Оқылды: 1228
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Талдықорған қаласының «Жастар» саябағында Алматы облысы әкімінің кубогы үшін «Жайдарлы Жетісу» атты көңілді тапқырлар алаңының фестивалі өтті.  

Жобаның мақсаты – өңіріміздегі жастарының рухани, эстетикалық және мәдени деңгейін, зияткерлік және шығармашылық әлеуетін арттыру. Көңілді тапқырлар фестиваліне Жамбыл, Қызылорда, Түркістан облыстарының және Алматы, Талдықорған қалаларының командалары қатысты.

Шараны белгілі жайдарманшы, әзіл-сықақ ойындарының майталманы Тұрсынбек Қабатов жүргізді.

Фестиваль «Алматы облысында көңілді тапқырлар ойынын дамыту» жобасы бойынша жастар саясаты мәселелері басқармасының мемлекеттік-әлеуметтік тапсырысы аясында өткізілді. Жоба шеңберінде облыстың барлық аудандары мен қалаларында тәжірибелі КТА ойыншыларының қатысуымен оқыту семинарлары қолға алынған.

Қорыта келгенде, Алматы облысы әкімінің кубогы мен 300 000 теңге ақшалай сыйлықты «Шу-чу» құрамасы иеленді. Одан кейінгі орынды Қызылорда қаласының «Қармақшы» құрамасы қанжығалады. Үшінші орынға жерлестеріміз «Талдықорған» құрамасы лайық деп табылды. Қатысушылардың барлығына Алғыс хат табыс етіліп, шағын сый-сыяпат көрсетілді.

Қабыл ИСА