БҮГІН ОБЛЫС ОРТАЛЫҒЫНДА АУЫС-ТҮЙІСТЕР БОЛДЫ

Уақыты: 02.10.2018
Оқылды: 1410
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Талдықорған қалалық әкімдігінде бірқатар ауыс-түйістер болды. Бұл туралы Талдықорған қалалық газетінің сайты хабарлады. Облыс орталығының әкімі Дастан Шалтабаев Данияр Жанысовты қала әкімінің кеңесшісі қызметіне тағайындады.

Сондай-ақ, қалалық жұмыспен қамту орталығының директоры болып Гүлмира Есжанова, «Талдықорған Көркейту» ЖШС директоры лауазымына Қанат Азаматов бекітілді. Аталған азаматтарды қала активіне шаһар басшысы Дастан Шалтабаев өзі таныстырды. Данияр Баяхметұлы Жанысов 1986 жылы туған. Білімі - жоғары. Бұған дейін қала әкімінің баспасөз хатшысы қызметін атқарған. Бірқатар танымал басылымда PR менеджері қызметтерін атқарған. Ендігі уақытта Данияр Баяхметұлы кеңесшілікпен қатар қала әкімінің баспасөз-хатшысы қызметін қоса атқарады. Ал Гүлмира Еркінқызы Есжанова 1968 жылы туған. Білімі  - жоғары. 2010-2011 жылдары «Қамқор» балалар үйінде, 2011 жылдан бері «Алматы облысы Талдықорған қаласы әкімдігінің халықты жұмыспен қамту орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде бөлім басшысы қызметін атқарып келген. Қанат Еркінбайұлы Азаматов 1973 жылы туған. Білімі жоғары, мамандығы заңгер. Жалпы жұмыс өтілі 21 жыл. 2010 жылдан бүгінге дейін «Жетісу жаңа құрылыс» ЖШС сапында қатардағы маманнан бөлім басшысы қызметіне дейін көтерілген.

Жаңа тағайындалған кадрларға және әріптесіміз Данияр Баяхметұлына "жетісулықтар" атынан сәттілік тілейміз.

ӨЗ ТІЛШІМІЗ