ТАЛҒАРДА КӨШБАСШЫ КІМ?

Уақыты: 04.10.2018
Оқылды: 1085
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Талғар ауданының әкімі Рыскелді Сатбаевтың қатысуымен «Көшбасшы – 2018» байқауы өтті. Облыс әкімінің қолдауымен ұйымдастырылып отырған жан жадыратарлық бұл байқауда үміткерлер қатары көп. Мұндағы мақсат – «Көшбасшы – 2018» облыстық жастар сыйлығына лайықты 14 пен 29 жас аралығындағы Талғар ауданының белсенді де білімді, креативті, Қазақстанның жарқын болашағы жолында жан аянып қалмайтын нағыз үміткерлерді анықтау.

«Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы мен аудан әкімдігінің ішкі саясат бөлімі, аудандық жастар ресурстық орталығы және «VECTOR» жастар одағы» қоғамдық бірлестігі бірлесіп, заман ағымына лайық нағыз көшбасшы жастарды марапаттады.

– Елімізде жастар саясатына маңызды бағыт ретінде ерекше көңіл бөлініп, жастардың тегін білім алуына, жан-жақты дамуына, шығармашылықпен, спортпен, кәсіпкерлікпен айналысуына барлық жағдай жасалып отыр. Осының нәтижесінде жастарымыздың жеткен жетістіктері де мол. Ауданның әлеуметтік-экономикалық, мәдени дамуына да өзіндік үлесін қосып жүрген жастар аз емес, – деген аудан басшысы жастарды жұмыла еңбек етіп, Елбасы тапсырмаларын жүзеге асыруға атсалысуға үндеді.

Салтанатты құттықтаудан кейін «Көшбасшы – 2018» жастар сыйлығының иегерлеріне арнайы дипломдар мен сый-сияпаттар табыс етілді. «Үздік жас спортшы», «Үздік жас дәрігер», «Үздік жас ұстаз», тізбелей берсек, 17 түрлі номинация бойынша мықтылар анықталып, өз сыйлықтарын қанжығаларына байлады. Міне, тәуелсіз еліміздің дамуында 17 саланың дарасы саналған жастардың болашағынан зор үміт күтеріміз хақ.

"Өскен топырағымызды сүйіп, оған басмызды иіп, қай саланың шетінде жүрсек те, елімізге, ауылымызға титтей де болса пайдамыз тисе, бұл біз үшін үлкен мәртебе әрі қуаныш", – деген «Үздік жас журналист» номинациясының иегері Арман Октябров жастарды қолдау мақсатындағы мұндай шара жыл сайын жалғасын табуына тілектестігін білдірді. Сондай-ақ, «Үздік жас дәрігер» Е. Солопова да өзінің жүрекжарды алғысын айтып, халыққа қалтқысыз қызмет етуден танбайтындығын жеткізді. Жалындаған жастардың еңбегін елеп, күш-қуатын еселеп, қиялына қанат бітірген салтанатты шара соңы концерттік бағдарламаға ұласты.

Ұлбосын ИСАБЕК

                                                                                     Талғар ауданы