ЛИЦЕЙ ДИРЕКТОРЫ МИЛЛИОНДАРДЫ ҚАЙДА ЖҰМСАМАҚ?

Уақыты: 04.10.2018
Оқылды: 1341
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Мұхтар Арын атындағы дарынды балаларға арналған үш тілде оқытатын № 24 экономика және бизнес арнаулы лицейі «Орта білім беретін үздік ұйым» грантын жеңіп алды. Осыған орай өңірлік коммуникациялар қызметінің ұйымдастыруымен кезекті баспасөз мәслихаты өтті.

Жиында аталмыш лицей директоры Мария Галиева баяндама жасады. Ол әуелі жан қуантқан жетістіктің түбі еңбекте жатқанын атап өтті. Одан кейін лицейдің толайым табысына тоқталды. Лицей оқушылары халықаралық олимпиадаларда 1000-нан астам жүлделі орынға ие болған. Бір ғана Қазақстан интернет олимпиадасында 523 жүлделі орынды қанжығаға байлаған. 2016-2017 оқу жылында Ұлттық бірыңғай тестілеу қорытындысы бойынша орташа балл 124,3 болып, білім сапасы 100 пайыздық көрсеткішті көрсеткен. Ал былтырғы оқу жылындағы Ұлттық бірыңғай тестілеу қорытындысы бойынша орташа балл – 124.  Осындай жоғары көрсеткіш нәтижесінде 5 оқушы «Алтын белгіге», 8 шәкірт «Үздік аттестатқа» ие болып, барлық 27 оқушы мемлекеттік білім грантын жеңіп алды.

Облыс көлемінде бір, республика бойынша 10 үздік мамандандырылған білім беру ұйымының тізіміне енген аталмыш лицей әрқашан білімді де білікті шәкірттерді қанаттандырып келеді. Осыған орай «Орта білім беретін үздік ұйым» деп танылып, облыс әкімі Амандық Баталовтың қолынан 22 миллион 627 мың теңгенің сертификатына иелік етті.

Бұл қуанышын білім жолындағы адал еңбек жемісі деп білген Мария Бейсетбайқызы аталған қаржы лицейдің материалдық базасын нығайтуға жұмсалатынын жеткізді. Өз кезегінде бұқаралық ақпарат өкілдері сауалдарын қойып, оған тұшымды жауап алды.

АРДА БИ