ЫСТЫҚКӨЛ МЕН АЛАКӨЛ АРАСЫ

Уақыты: 10.10.2018
Оқылды: 1089
Бөлім: КҮНДЕРЕК

 

Қырғыз ағайындарды облысымыздың кәсіпкерлік саласындағы жетістіктері қатты қызықтырды. Сондай-ақ, Қырғыз елінің өкілдері Оқушылар сарайын, Жастарға қызмет көрсету орталығын, жаңадан ашылған № 28 орта мектепті, «Жастар» саябағын, Қаратал бойындағы аллеяны, қалалық көпсалалы аурухананы аралап көрді.

Қырғызстаннан келген делегацияны облыстық «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының директоры Нариман Әбілшайықов ыстық ықыласпен қарсы алып, кәсіпкерлерге жасалып жатқан қолдау мен көмек туралы айтып берді. Осыдан кейін облыс әкімі Амандық Баталов қонақтарға Көрме кешенін көрсетті.

– Арамызды Алатау бөліп жатқанымен, өткен тарихымыз еншілесе өрілетін екі елміз. Сіздер Ыстықкөл, біз Алакөлмен әлемдік туризмге үлес қосып жатқанымыз тағы бар. Бұдан өзге де кәсіпкерлік саласында ынтымақтаса жұмыс істейтін мүмкіндіктер тіпті көп. Бүгін соған даңғыл жол салынды, – деді облыс басшысы.

Өңірдегі кәсіпкерлердің жетістігімен танысқан қырғыз ағайындар жұмыс нәтижесіне ризашылықтарын білдірді.

– Ыстықкөл облысы туризм саласын дамытудың даңғыл жолында. Бұл бағытта мүмкіндігіміз мол. Бүгін сіздердің кәсіпкерлерге жасап отырған мүмкіндіктеріңізді көріп, тіпті қуанып қалдық. Сондықтан, сіздермен бірлесе жұмыс істеуге әрқашан дайынбыз, – деді Қырғызстан Республикасы Үкіметінің Ыстықкөл облысындағы өкілі Ақылбек Осмоналиев. 

Қаратал өзені бойындағы аллея қырғыз ағайындардың көз қуанышына айналды. Ондағы жанға жайлы көрініс пен емін-еркін демалуға арналған жағдай шетелдік кәсіпкерлерді тәнті етті. Ал көпсалалы аурухананы аралап шыққан қонақтар облысымыздың емдеу саласындағы деңгейін бағамдады. Арасында облыс орталығындағы сауда орталықтарына бас сұғып, сауда-саттық жағдайымен де танысып үлгерді.

– Елбасының тапсырмасымен емдеу орталықтары көптеп бой көтеруде. Бұл тапсырма облыс әкімі Амандық Баталовтың назарынан түскен емес. Алдағы уақытта да емдеу мүмкіндігі жоғары ауруханалар салынатын болады, – деді келешек жоспарымен бөліскен облыс әкімінің бірінші орынбасары Лаззат Тұрлашов.

Екі ел кәсіпкерлерінің ортақ мақсат тұрғысында бас қосуына себепкер – Қазақстанның Қырғызстандағы Елшілігі.

 – Алтау ала болса, ауыздағы кетіп, төртеу түгелденсе төбедегі келетіндігі белгілі. Сондықтан, мен Елшілік қызметімде екі ел кәсіпкерлері арасындағы ынтымақты нығайтып, дамытуға күш салғым келді, – дейді Қазақстанның Қырғызстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Кәрім Көкірекбаев.   

Бұл кездесу екі ел кәсіпкерлері мен ауыл және мал шаруашылығы, туризм, қайта өңдеу саласымен айналысатын кәсіпорын жетекшілеріне үлкен шабыт болды. Сол қатарда «Ай Р» ЖШС өндірген «Эконат» атты экологиялық тыңайтқыштарға жетісулық шаруалар қызығушылық танытты.

 Аталған кәсіпорынның іргетасы 2015 жылы Ыстықкөл облысының Қарақол өңірінде қаланды. Олар өндіретін 30-дан астам тыңайтқыштың негізгі шикізаты сазды жердің ең төменгі қабатынан алынады. Саз балшықтан жасалатын тыңайтқыштың бұл түрі еуропалық тәжірибенің жемісі болғанымен, алғашқы рет Қырғызстанда жүзеге асты. Өткен жылы алғашқы тыңайтқыш өндіріліп, Орталық Азия мен Қытай, Ресей, бірқатар еуропалық елдерде сынақтан өткізіліпті. Нәтижесі жақсы болғандықтан осы жылдың маусым айында халықаралық сертификатқа қол жеткізген.

– «Эконат» органикалық тыңайтқышын өткен жылы Түркістан облысында бүлдірген, Алматы облысында өрік жемісін өсіруде сынақтан өткіздік. Нәтижесін көрген шаруалар қазірдің өзінде бізбен келісімшартқа отырып, сатып алуға ниет танытуда, – дейді «Ай Р» ЖШС директоры Рустамжан Назармұхамедов.

Қонақтар облыс орталығындағы көрікті жерлер мен жаңа нысандарды аралап, қазақстандық кәсіпкерлермен өзара тәжірибе алмасып қайтты.

Қажет АНДАС