Жол құрылысы қарқынды

Уақыты: 15.10.2018
Оқылды: 883
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Кеген ауданында жақсылық көп. Әрдайым айнадай жарқырап тұратын, бір көрген жанның жүрегіне ұмытылмастай ұялап қалатын көркем де ғажайып Көлсай көлдеріне баратын республикалық маңызы бар жол жасалуда.

Жалаңаш – Саты, Саты – Көлсай аралығындағы 46 шақырым жолға жөндеу жұмысы жүргізіліп, асфальтталуда. Әйгілі Кеген асуындағы Кеңес одағы тұсында басталып, аяқталмай қалған тура жол да жөнделуде. Ол пайдалануға берілсе, асудың жолы мейлінше қысқара әрі жеңілдей түседі. 
Бір сөзбен айтқанда, Жалаңаш ауылдық округіне қарасты Тоғызбұлақ, Жайдақбұлақ және Шырғанақ ауылдық округіне қарасты Кеңсу шағын елді мекендерінің тұрғындары үшін бұл жолдың маңызы бөлек. Сол үшін де аталған ауылдардың халқы үлкен қуанышқа кенелуде. Олар мемлекеттің жасап отырған қамқорлығына, жол жасап жатқан Мұрат Сапарғалиев басқаратын «Алматы жолдары» мекемесінің атына айтар алғысы мол. Ең бастысы, олар келесі жылы бітуге тиісті жолды биыл аяқтауға тырысуда. Оған бюджеттен 516 миллион теңге қаражат бөлініпті. Жол жасайтын қуатты техникалар, ауыр жүк тасымалдайтын көліктер қарқынды жұмыс жүргізуде.
Осыдан-ақ мердігер компанияның уәделі кезінде жұмысты аяқтайтынына жұрт сенім білдіруде.

Қанат Біржансал