Үздіктер марапатталды

Уақыты: 15.10.2018
Оқылды: 1352
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Астана EXPO аймағындағы Astana Hub ғимаратында «Жылдың үздік жас кәсіпкері» байқауы мен жастар жобалары көрмесінің қорытындысы бойынша жеңімпаздарды марапаттау салтанаты өтті. Байқау «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасын дамыту аясында кәсіпкерлік қызметті жүргізіп жатқан 16-29 жас аралығындағы талантты жас буынды қолдау мақсатында тұңғыш рет ұйымдастырылып отыр.

Байқауға елдің барлық өңірінен 50-ден аса қатысушыдан өтініш түсті. Қызмет көрсету, өнім өндіру, оқыту, IT-технологиялар саласындағы жобалар ұсынылды. Марапаттау рәсімінде «Атамекен» ҚР ҰКП Төралқасы Хатшылығының төрайымы Ләззат Рамазанова қатысушыларды құттықтады.
– Жас кәсіпкерлерде идея көп, олар кәсіпкерлікті қолға ала отырып, ел экономикасының қарыштап дамуына өз үлестерін қосуды мақсат тұтады. Жастар ұсынған жобалар әралуан, барлығы табысты деп айтуға лайық. Жастардың идеялары үлкен жобалардың бастауы. Кәсіпкерлер палатасы жастар арасындағы жұмысты одан әрі жалғастырады, – деді Ләззат Рамазанова.
Конкурсқа түскен жұмыстарды сараптау комиссиясы бағалады. Көпшілік дауыспен Шымкенттен келген 26 жасар Тәңірберген Есполовтың бизнес-жобасы үздік деп танылды. Жас жігіт жасанды ротангты тиімді пайдаланып, «Royal comfort» тоқылған жиһаз фабрикасын құрған. 
Байқауда 2-орынды Ақтөбе қаласының кәсіпкері Арман Сәкішев алды, ол әлемдік стандарттар бойынша жұмыс істейтін «Dental-centre» клиникаларының желісін ашқан.
3-орынды талдықорғандық Елдос Баялышбаев иеленді. Жас жігіт жол-көлік оқиғасынан кейін мүлде жүре алмады. Бірақ, емдік дене шынықтырудың және массаж бен өз күшіне сенудің арқасында ол алдымен орындыққа отыруға үйреніп, екі айдан кейін өздігінен қозғала бастады. 2014 жылы «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасына қатысып, мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған спорттық-сауықтыру орталығын ашуға 3 миллион теңге көлемінде грант ұтып алған. Қазір Елдос мүмкіндігі шектеулі және БЦП диагнозы бар адамдардың қозғалыс белсенділігін қалпына келтіруге көмектеседі. 
– Әрине, осы байқауда жеңіске жеткеніме өте қуаныштымын. Қазіргі уақытта тағы бір жобаны жүзеге асырдым және Алакөлде ерекше күтімді қажет ететін адамдарға арнап мамандандырылған жалғыз пансионат салдым, – дейді Елдос Баялышбаев.
Жас кәсіпкерлер арасындағы «Жылдың үздік кәсіпкері» байқауында екібастұздық Виктория Волошина ынталандыру сыйлығына ие болды. Ол байқауға лазерлік нақыштау және ағаш, мата, тері, қағаз, гранит, мәрмәр, металл және пластиктен жасалған кәдесый өнімдерін шығару жобасын ұсынған болатын.
«Жылдың үздік жас кәсіпкері» байқауының марапаттау рәсімі аясында жастар жобаларының көрмесі де өтті. Көрме қорытындысы бойынша Кеген ауданынан «SmartBook» жобасының авторы Бақтияр Бақыткелді 600 мың теңге көлеміндегі 1-орын мен сыйлықты жеңіп алды. 
– Бұл жоба баспа өнімдерін жаңа технологиямен байланыстыруға бағытталған. Яғни, кітап, газет-журналдарға цифрлық қолданбалы әдістерді енгізу арқылы оларды әртүрлі форматта оқуға мүмкіндік береді. Жоба елдің цифрландыру саясатына сәйкес білім берудегі мәселелерді шешуге оң әсерін тигізеді, – дейді «Жылдың үздік жас кәсіпкері» атанған Бақтияр Бақыткелді. 
Көрмеде 2-орынды Жетісу жерінің тағы бір өкілі талдықорғандық Олжас Закиров иеленді, ол инновациялық-композициялық материалдан санитарлық-техникалық бұйымдар шығарумен айналысады. Олжас 400 мың теңгеге ақшалай сыйлық алды.
3-орын мен 300 мың теңгені павлодарлық Валерия Наркизованың жобасы алды. Ол «Жасмин» ательесін ашып, балалар комбинезонын, жаңа туған нәрестелерге арналған спорттық костюмдерді тігумен айналысады. Арнайы сыйлыққа «Smart Age» жобасын ұсынған астаналық Ғайни Кутумов ие болды. Ол смартфоннан пәтердегі розеткалар мен ажыратқыштарды іске қосуға мүмкіндік беретін құрылғыны ойлап тапқан.

 

Айгүл Байбосынова