ҚАНАТ ПЕН АЙТГҮЛ ӨНЕРДЕН КЕТТІ

Уақыты: 16.10.2018
Оқылды: 1453
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Иә, бір күнге өнерден қол үзуіне тура келді. Талдықорған қаласында елге танымал өнер жұлдыздары халыққа қызмет көрсетті. ҚР Еңбек сіңірген әртістері Қанат пен Айтгүл Құдайбергеновтер және айтыскер ақын Айтақын Бұлғақов Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығында оператор қызметін атқарды.

Айтулы шараны «Жұлдыздың ХҚО-дағы бір күні» атты республикалық акция аясында «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының облыс бойынша филиалы ұйымдастырды. Негізгі мақсат - «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасын азаматтарға ұғындырып, «e-Gov.kz» порталының артықшылықтарын айту. Елге танымал тұлғаларды көрген халық тек кеңес алып қоймай, естелік суретке түсіп мәз-мейрам болысты.

- Жұмыстың жеңілі жоқ. Біз де халықтың алдында қызмет істейміз ғой. Бұл да сондай екен. Аяғымыздан тік тұрып, келген азаматтарды қабылдадық. Халыққа қызмет ету қанымызда бар. Басында қиналғанмен жылдам төселіп алдық, - дейді Қанат Құдайбергенов. Ал Айтгүл Құдайбергенова болса: «Адам қолынан келетін іспен ғана айналысуы керек. Сонда ғана ол сол жерден бақыт пен қуаныш, байлық табады», - деген пікір білдірді. Айтақын Бұлғақов цифрландыруды көпшілік әлі де болса жетік білмейтінін айтып, осындай шараларды көптеп ұйымдастыру керектігін тілге тиек етті.

Бір сәтке азаматтар көлікті тіркеу, жүргізуші куәлігін ауыстыру, айыпұл төлеу, техникалық тексеруден өткізу сынды сауалдарға жауапты өнер жұлдыздарынан алды. Олар да барынша терең түсіндіру үшін барларын салды.

Мәулен ӘНЕРБАЙ