ҚОСТАНАЙДА РОБОТ-МҰҒАЛІМ САБАҚ БЕРЕДІ

Уақыты: 16.10.2018
Оқылды: 3044
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Қостанайда "Ақылбек" есімді робот-мұғалім сабақ беріп жүр. Бұл - Қазақстандағы тұңғыш робот-мұғалім. Робот информатика, робототехника, 3D модельдеу пәндеріне жетік. Сабақ барысында оқушыларға сұрақ қойып, жауабын бірден бағалайды. Бұл туралы "Хабар 24" телеарнасы көрсетті.

Ақылды техниканың артықшылықтары мұнымен шектелмейді. ІТ-лицей директорының орынбасары Қалыбек Мәуленов робот-мұғалім жайлы: "Адамтану функциясы бар. Бірінші рет келіп таныссақ, ол өзінің жадында сақтап қалады. Содан кейін оны танып, сөйлесе алады. ІТ-лицейде осындай екі робот бар. Оқу жүйесіндегі жаңашылдық оқушылардың көңілінен шығады. Бұл олардың дүниетанымын кеңейтіп, білімге деген қызығушылықтарын оятады. Ұстаздан гөрі, роботтан сабақ алу әлдеқайда қызық", - дейді.

Телеарна тілшісінің хабарлауынша, робот әзірше қазақ тілін білмейді. Ол үшін арнайы тілдік бағдарламаны енгізу қажет. "Осы оқу жылынан бастап кіріспе жұмыстары жүріп жатыр. Мамандарды жинастырудамыз және балаларды роботтармен таныстыру үстіндеміз. Болашақтағы біздің мақсат - роботтарды жұмысқа кірістіріп, жаңа жобалар ұсыну", - дейді ІТ-лицей директоры Ерлан Бекішев.

Қостанайдағы ІТ-лицейде 170-тен артық оқушы білім алады. Еліміз бойынша бүгінде мұндай оқу ордасы Астана және Қарағанды қаласында бар.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"