ТАЛДЫҚОРҒАНҒА АҚҚУ КЕЛДІ

Уақыты: 16.10.2018
Оқылды: 1772
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Бүгін Талдықорған қаласында алғашқы қар жауды. Ақ қармен бірге аққу ұшып келді. Қалалық бассейннің тұнық суында мамырлай жүзген жалғыз аққуды бірінші болып "Талдықорған" газетінің фототілшісі Айдын Нұршанов түсіріп алған. Әдемі көріністі қалт жібермеген фототілшінің туындысы қазір әлеуметтік желілерге салынып, қызу талқыланып жатыр.

Киелі құстың Талдықорған қаласына келіп қонуын Алматы облысының әкімі Амандық БАТАЛОВ та естіп, жақсы ырымға балап отыр. Өңір ақсақалдары мұндай тарихи сәттің көп бола бермейтінін айтып, қазақтың аққуды байырдан кие тұтқанын алға тартуда. Оның үстіне, қазақ халқында "Аққуды атпа, досыңды сатпа" деген мәтел бар. Ақсақалдар аққудың басқа емес, дәл Қаратал жағалауына жақын орналасқан бассейнде жүзіп жүргенін игілікті істердің бастамасы, жақсылықтың жаршысы деп есептейді. Өйткені, аққу - тазалықтың нышаны. Аққу тек таза жерге ғана қонады. Бүгінде қалалық бассейн маңы, Қаратал жағалауы жөндеуден өткен, тазартылған. Талдықорған күннен-күнге көркейіп, көздің жауын алатын нысандар бой көтеруде. Кешкілік талдықорғандықтардың басым көпшілігін Қаратал жағалауынан табасыз. Жағалау серуендеуге, велосипед тебуге ең ыңғайлы орын саналады әрі ауасы да саф. Осындай халық көп жүретін аймақта аққудың жүзіп, таранып жүргені қала келбетін бұрынғыдан да асқақтата түскені анық.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"