Заманауи балабақша

Уақыты: 17.10.2018
Оқылды: 1434
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Қаскелең қаласында осы заманғы технологиямен жабдықталған тағы бір балабақша бүлдіршіндерге есігін айқара ашты. Оның тұсаукесер  салтанатына аудан әкімі Жандарбек Далабаев, Қазақстан педагогикалық ғылымдар академиясының академигі Аягүл Миразова, ауданның бөлім және мекеме басшылары, қала жұртшылығы қатысты.

Жаңадан пайдалануға берілген «Қарлығаш» балабақшасының ерекшелігі – бүлдіршіндерге жайлы болуымен қатар ата-аналардың өз балаларын үнемі қадағалап отыруға мүмкіндік жасалуында. Яғни, ата-аналар балалар мекемесінің бөлмелері мен ауласында орнатылған бейнекамералар арқылы өз смартфондарынан сәбиінің қай жерде, не істеп жүргенін бақылай алады.
Салтанатты жиын барысында заманауи ғимараттың  құрылысын жүргізген мердігер компания – «Еламан» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы Ерғали Миразов мекеме меңгерушісі С. Рашитқызына жаңа балабақшаның символикалық кілтін табыс етсе, ауданның ардагерлер кеңесінің төрағасы Сайлаубек Қасенбайұлы дәстүрімізге сай бата берді. Ал аудан әкімі Жандарбек Ермекұлы мен ұлағатты ұстаз Аягүл Миразова мектепке дейінгі балалар мекемесінің тұсаукесер рәсімін жасады.
Осыдан кейін құрметті қонақтар мен жиналған жұртшылық балабақшада тәрбиеленетін бүлдіршіндер әзірлеген концерттік бағдарламаны тамашалап, жаңа ғимаратта орналасқан спорт залын, музыкалық, сабақ өтетін және демалатын бөлмелер мен тамақ әзірлейтін орынды аралап көріп, атқарылған жұмысқа ризашылықтарын білдірді. 

Қуат Қайранбаев
Қарасай ауданы