Дариға НАЗАРБАЕВА: "ҚЫТАЙ ТІЛІН ҮЙРЕНІҢДЕР"

Уақыты: 18.10.2018
Оқылды: 1194
Бөлім: КҮНДЕРЕК

ҚР Парламент Сенатының депутаты Дариға Назарбаева Алматы қаласында өткен кездесуде жастарға жатпай-тұрмай қытай тілін үйреніңдер деген кеңес берді. Бұл туралы "www.abai.kz" ақпараттық порталында Қуаныш Қаппас есімді автор мақала жариялады. Қазіргі таңда жұртты ойға қалдырған бұл жазба әлеуметтік желілерде де талқыға түсіп жатыр.

Сенатор кездесуде жастарға: "Қытай тілін оқыңдар. Мен мұны қадап айтамын. Ұлтшыл патриоттар мені осы пікірім үшін сөгіп жатады. Бірақ, болашақ сонда деп ойлаймын. Қытай нарығының мүмкіндігі шексіз. Халқының санын айтсаңызшы. Қандай іс бастамаңыз, миллиардер болып шыға келесіз", - деген. Оның айтуынша, орыс тілін де ұмытуға болмайды. Өйткені, Қазақстан Ресеймен ортақ экономикалық, кедендік аймақта отыр. Шекара арқылы да еш кедергісіз өтуге болады. "Бұл - үлкен артықшылық, сондықтан оны пайдалана білуіміз керек. Кез келген істі қолға алғанда осы нарықтардағы сұраныс туралы ойлану керек. Одан бөлек, бұл - бейбітшілікті сақтаудың ең жақсы тәсілі", - деп жалғаған сөзін Дариға Назарбаева.

Мақала авторы Дариға ханымның жастарға "өз ана тілдеріңді үйреніңдер" деп жақ ашпағанын жазған. Қ.Қаппас Дариға Назарбаеваның қазақстандықтарды қытай тілін меңгеруге шақырып жүргеніне бірнеше жылдың жүзі болғанын, онсыз да Қытайдың елімізге ықпалы жылдан-жалға ұлғайып келе жатқанын айтқан. Сонымен бірге, сенатор Алматыдағы кездесу барысында балаларға жыныстық қатынас жайлы 11-13 жастан бастап үйрету керектігін жеткізген. "Қаншалықты ертерек бастасақ, соншалықты жақсы нәтиже береді. 18 жасты күтіп отыра бермей, 11-13 жастан бастап контрацепция туралы түсіндіру керек. Себебі кеңестік кезде болмаған жыныстық қатынастың жарнамалары қазір ғаламторда толып тұр", - дейді Дариға Назарбаева. Мақала соңын автор: "Тырнақ астынан кір іздегеніміз емес... Бірақ ол кісінің осы асыл қасиеттердің бәрін қытай мен орыс тілін үйренуге теліп қойғанына наразылығымыз бар", - деп аяқтайды.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"