ЕРКІН АУЫЛЫНА - 88 ЖЫЛ

Уақыты: 11.11.2018
Оқылды: 1030
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Талдықорған қаласындағы "Атамекен" ойын-сауық кешенінде Еркін ауылдық округінің 88 жылдығына орай шағын футболдан турнир өтті. Жарысқа 16 команда қатысты.

Шара барысында Талдықорған қаласына қарасты Еркін ауылдық округі әкімінің міндетін атқарушы Қанат Рысбеков сөз алып, спортшыларға сәттілік тілеп, жарысты ашық деп жариялады. Өз кезегінде "Халық банк" АҚ бірінші орынбасары Артур Елубайұлы мен каратэден әлем чемпионы Мерей Сүйінов мінберге көтеріліп, ақжарма тілегін ақтарды. Сайысты ұйымдастыруға мұрындық болған - Талдықорған қалалық әкімдігі мен Нұрлан Ибраев, Болат Чотбаев, Серік Нұрбаев, Асқар Ойшинов, Сақабай Ахметжанов, Рустам Садықов, Рауан Ибраев, Жалғас Қуантаевтай ауыл азаматтары.

Дода тартысқа толы болды. Ойын олимпиадалық жүйе бойынша өрбігендіктен әр команда жеңіске жету үшін барын салды. Ала допты ұршықша иірген спортшылар шағын футболдың озық үлгісін көрсетті. Жарыс қорытындысы бойынша бірінші орынды "ІІД" командасы жеңіп алса, екінші орынды "Еркін" командасы еншіледі. Ал үшінші орын "Көктал" командасына бұйырды. Жарыс соңында жеңімпаздар мен жүлдегерлер, сондай-ақ, үздік деп танылған жекелеген ойыншылар марапатталды.

Айдар ҚАЛИЕВ,

"Жетісу"