"БОЛАШАҚТЫҚТАР" - ҚАЗАҚСТАННЫҢ ШЕТЕЛДЕГІ АЙНАСЫ

Уақыты: 12.11.2018
Оқылды: 1179
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Осыдан 25 жыл бұрын басталған «Болашақ» бағдарламасы өзге елдерге үлгі. Бұл туралы ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев айтты. Қазіргі таңда «Болашақ» бағдарламасы бойынша 1100 стипендиат оқып жатыр. Ширек ғасыр ішінде «Болашақ» қазақстандық білімнің табысты брендіне айналған.

«Болашақ» стипендиясының нәтижелілігін халықаралық сарапшылар да айрықша атап өтуде. Бағдарламаның тәжірибесі тереңірек зерттеліп, өзге елдерге үлгі боларлық дәрежеге жетті. Бағдарламаның ауқымды спектрінің, даярлығының бағыты мен ЖОО географиясының арқасында «Болашақ» стипендиясы Майами қаласында өткен Going Global халықаралық конференциясында өзіне ұқсас 11 стипендияның үздігі атанды», - деді Ерлан Сағадиев.

Министр өз сөзінде «Болашақ» стипендиясының арқасында біліктілігі жоғары мамандардың, креативті ғалымдар мен инженерлердің, дәрігерлер мен басқарушылардың шоғыры пайда болғанын тілге тиек етті. «Жетекші ғылыми-орталықтарда білім алудың арқасында стипендиаттар елімізге әлемдік технологияларды әкелуге, халықаралық қарым-қатынастарды жолға қоюға, халықаралық қауымдастықтарға интеграциялануға жол ашты. Екінші жағынан стипендия түлектері шетелдегі Қазақстанның айнасына айналды. «Болашақтың» арқасында әлем халқы Қазақстанды тани түсті. Бүгінгі таңда "болашақтықтар" өз саласының білікті жетекшілері болып отыр. Түлектердің 40 пайызы экономиканың түрлі секторларында еңбек етсе, 20 пайызы білім және ғылым саласында, 7 пайызы медицина саласында жүр. Түлектердің төрттен бірі ірі компаниялар мен мемлекеттік ұйымдардың топ-менеджерлері атанды. "Болашақтықтардың" үлесінде жүздеген ғылыми еңбек пен ірі әлеуметтік жобалар баршылық. «Болашақ» өзінің тарихи миссиясын керемет орындап берді. Алдағы уақытта «Болашақ» стипендиясының түлектері еліміздің өркендеуіне өз үлесін қоса берер деген сенімдемін», - деді Ерлан Сағадиев.

Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова «Болашақ» халықаралық стипендиясының 25 жылдығына арналған форумда Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың стипендиаттарға жолдаған құттықтау хатын оқып берді.

"ҚАЗАҚПАРАТ"