ТАРИХЫ ТЕРЕҢ, ӨМІРІ ӨЛЕҢ ҚҰТ МЕКЕН

Уақыты: 12.11.2018
Оқылды: 2384
Бөлім: КҮНДЕРЕК

«Ақындар мен батырлар елі» атанған Жамбыл ауданының 90 жылдығы өзіне тән сән-салтанатпен аталып өтті. Тарихы терең, өмірі өлең, ерлері ерен, даласы кенен киелі мекеннің мерейтойына алыс-жақыннан келген мәртебелі меймандар алдымен аудан орталығындағы Жамбыл мен Қарасай батыр ескерткіштеріне гүл шоқтарын қойып, қос тұлғаның рухына тағзым етті.

Мәдениет үйінде өткен салтанатты жиын аудан туралы фильм көруден басталды. Шежіресі сан тарау, келешегі кемел аймақтың өткені мен бүгіні туралы аудан әкімі Бағдат Әлиев мазмұнды баяндама жасап, ынтымағы мен бірлігі жарасқан, қазақы қаймағы бұзылмаған, жер жаннаты Жетісудың бір бөлігінің бай тарихын, телегей тағылымын жан-жақты тарқатты. Тоқсан жылдық белеске толайым табыспен табан тірегені де нақты деректермен дәйектелді. Өңірдің өркендеуіне өзіндік үлес қосқан азаматтардың есімдері ілтипатпен аталып, осынау қойнауы құт атамекенді сыртқы жаулардан қорғаған баһадүр бабалардың рухы айрықша құрметтеліп, асқақтады. 
Облыс әкімі Амандық Баталовтың тоқсан жылдық мерейтойға арналған ізгі ниетке толы кең көлемді құттықтауын көпшілік алдында облыстық мәслихат хатшысы Сұлтан Дүйсембінов оқып берді. Парламент Сенатының депутаты Динар Нүкетаева өзінің туған жерге деген ыстық ықыласын білдіріп, Парламент Сенаты Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрайымы Бірғаным Әйтімованың құттықтауын тапсырды. Сондай-ақ, Парламент Мәжілісінің депутаты Серік Үмбетов пен өзге де халық қалаулыларының, Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаевтың, Елордада және өңірлерде абыроймен қызмет істеп жүрген бірқатар аудан перзенттерінің ыстық сәлем, игі тілектері жеткізіліп, туған жерге деген тебіреністі лебіздер ақтарылды. Оңтүстігінде қырғыз елімен жалғасатын жаз жайлауларының, солтүстігінде Ілеге дейін иек тірейтін кең даласының ұшқан құс, жүгірген аң, жорғалаған жәндігіне дейін көзге оттай ыстық басылатыны айтылды.
Сахна төрінде аудан мерейтойына арнайы шығарылған «Ағала ордам қонған жұрт» атты кітаптың тұсаукесер рәсімі жасалып, «Сүйінбай сазы» ансамблі ән-жырдан шашу шашты.
Түс ауа орталық стадионда Ұзынағашты дүбірге бөлеген қойылым тамашаланды. Қалың көрерменнің көз алдында осы өңірде болған тарихи оқиғалар тізбегі өтіп жатты. Биыл туғанына 420 жыл толған Қарасай Алтынайұлының ерлігін бейнелеумен басталған қойылым әр кезеңнің сипатын аша түсті. Қазақтың қас батыры Қарасайдың ержеткеннен қартайғанша аттан түспей, жұтынып келген жауды басындырмау үшін бүкіл күш-қайратын жұмсағаны әсерлі сомдалды. Тұлпар мініп, ту алған батыр жекпе-жекте жауын аттан түсіріп, бөрілі байрақты желбірете, ортада қара тұлпарымен ары-бері ойқастауы көрерменнің қошаметіне бөленді.
Иә, ел болып ұйысып, жұрт болып жарасқалы талай-талай тауқыметті тағдырды бастан кешті бұл жұрт. Атойлап ұран шақырған алаштың арда ұлдары Аңырақайда ата жауы жоңғардың бетін қайтарды. Басбатырда жолбарыстай жас қыран Наурызбай батыр нарт атанды. Шын мәнінде қазақтың Ұлы Отан соғысы саналатын ХVІІІ ғасырдың ортасындағы майдандарда батыр бабалар – Қастек пен Қараш, Қазыбек пен Қасқары, әкелі-балалы Сатай-Бөлек, Ботбай Сәмен, Байсейіт, Албан Хангелді, Райымбек, Суан Елтінді, Ошақты Саңырақ, Шымыр Қойгелді, Қарақалпақ Қылышбек, Айқым Көкбарақ, Шыбыл Мәмбет, тағы басқа батырлар туған жердің азаттығы үшін жанын шүберекке түйіп жауға аттанғаны қалай ұмытылсын?!
Одан кейінгі замана бұлты да бұл өлкенің бейбіт күнін сан рет торлады. Ұзынағаш пен Қопада ер Сұраншы мен Сүттібай, Сарыбай мен Диқанбай, Сыпатай мен Атамқұл бастаған сайыпқыран сарбаздар Қоқанның қаптаған қолына қаймықпай қарсы тұрды. Қарақыстақта Саурық батыр Ыстамбекұлы қырғыздың қарау жендеттері қолынан қапияда мерт болды. Үшқоңырда Бекболат Әшекеұлы мен Сәт Ниязбекұлы, Батыс Қастек болысында Қараш батырдың шөбересі Сатай Көбегенұлы мен Нүке Сәдібекұлы, Самсы мен Тарғапта Жәнібек қажы Майлыбайұлы мен Сәке болыс Ниязбекұлы, Ақтерек пен Көлқамыста Әли Нұрғожаұлы, Қырғызбай батырлар бас болған 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісі тәуелсіздік үшін төгілген қан, сөгілген қабырғаның көрінісі еді.
«Халықты тілмен қорғаған, сөз шындыққа келгенде, бас кессе де болмаған» өлеңнің қызыл желі Сүйінбай, қазақтың даңқын күллі әлемге мәшһүр еткен жыр алыбы Жамбыл, тау суындай тасқындаған Сарыбас ақын, «өлеңнің қара жорғасы» Үмбетәлі, «Алатаудың бұлбұлы» атанған Кенен, осы алыптардың алдын көріп, тәлім-тәрбиесінен өнеге алған Өмірзақ Қарғабайұлы, Шүкітай Әбдікерімұлы, Өтеп Оңғарбайұлы, Әбдіғали Сарыұлы, Есдәулет Қандекұлы, Әбдіқадыр Қосшыбайұлы сынды лек өз алдына бір төбе. Бұл жұрттың «Батырлар мен ақындар елі» деген ақиқатқа сай атағын әрдайым абырой санайтыны сондықтан.
Қасиет дарып, тылсыммен тілдескен әулие санатты адамдар да бұл жердің өткенін өрнектей түседі. Солардың тұлғалысы Түктібай әулие, 136 жасқа жеткен Құртқа тәуіп Сұлтанқожаұлы, Оразұлы Құрман сопы әулие, Күйікұлы Досмайыл бақсы, Қарамолда тәуіп сияқты басқа да шипагерлердің аты аңызға айналған.
«Жиырма сегізінші жылы осы ауданды Бозжанов ұйымдастырды. Жұртшылықтың пікірін біліп, ішіне кіре әңгімелесетін, аппақ сазандай, көрікті жігіт еді. Елдің жайын, тарихын жақсы айыратын, көргені көп, түйгені мол кісі болатын», – делінген Балғабек Қыдырбекұлының «Алатау» романында. Расы солай. Асыл текті түркінің «һас тегін» сөзіне байланысты «Қастек» аталған аудан 1928 жылы қыркүйектің 3-інде Қазақстан Орталық Атқару Комитетінің арнаулы Жарлығымен құрылып, шекарасы бекітілген. 1938 жылы ұлы жыраудың шығармашылық қызметіне 75 жыл толуына орай Жамбыл ауданы болып өзгертілген.
Бүгінде аумағы 19 мың 300 шаршы шақырымды алып жатқан ауданда 160 мыңнан астам адам тұрады. Отызға жуық ұлттың өкілі ұрпақ өсіріп, ұлағатты тірліктің түтінін түзу ұшырып отыр. Барлығы 24 ауылдық округ, үлкенді-кішілі 61 елді мекен бар. 
Даналықтың дәні тегінен дарыған дарабоз перзент – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының ата-баба қонысы мен қорымы осындағы Айнабұлақтың төрінде орналасқан.
Саңлақтар санатын толықтыра түсетін ел мақтанының бірқатары осы ауданнан екені жан жадыратады. «Сүйер ұлың болса, сен, сүй! Сүйінерге жарар ол» демекші, ғылым мен өнердің, әдебиет пен мәдениеттің бір шоғыр жұлдызы осы елден. Ғарыш кеңістігіне үш рет сапар шеккен қазақтың қаһарман ұлы Талғат Мұсабаев, саз әлемінде қырандай қалықтаған «Халық қаһарманы» Нұрғиса Тілендиев, бірнеше ұрпақты әсем әндерімен әлдилеген Әсет Бейсеуов, әзіл сөздің шебері Оспанхан Әубәкіров, бекзада болмысты Балғабек Қыдырбекұлы, спорт журналистикасының сардары, жазушы Сейдахмет Бердіқұлов, жамбылтанушы жампоз, көрнекті ғалым Сұлтанғали Садырбаев, «Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым және техника қайраткері», академик Төлеген Қожамқұлов, заңгерлердің ұлағатты ұстазы, профессор Арықбай Ағыбаев, кино өнерінің майталмандары Абдолла Қарсақбаев, Қаныбек Қасымбеков, Кененбай Қожабеков, сахна саңлақтары Камал Қармысов, Айтжан Айдарбеков, Қасым Жәкібаев, Балтабай Сейітмамытов, Зәмзәгүл Шәріпова, Ұлжан Айнақұлова, Ержан Қосбармақов сынды  дарынды ұл-қыздарының есімін тізе берсек, айтып тауыса алмаспыз. Олардың біразы бақилық болғанымен, ұлтына мәңгі мұра қалдырған ұлы тұлғалар есебінен өшпек емес.
Сөз өнерінің өріне ұмтылған бір қауым ақын-жазушы, журналистерінің өнегесі кейінгі жастарға әрдайым үлгі. Қазақстанның Халық ақыны Әсімхан Қосбасаров пен Әлімқұл Жамбылов, Әнуарбек Дүйсенбиев, Мұхаметжан Етекбаев, Жәнібек Карбозин, Қанипа Бұғыбаева, Сейітхан Молдахметов, Мұхамеджан Абдрахманов, Есенқұл Жақыпбеков, Гүлсім Сейілжановалардың асыл бейнелері ұмытылмайды. Қазір арамыздағы дарынды ақын, жазушы, журналист, сазгерлер Орысбай Әбділдаұлы, Нәзікен Алпамысқызы, Жұмаш Арғымбайұлы, Нұрманбет Қизатұлы, Надежда Лушникова, Қызжібек Жарқынбаева, Өмірбай Өмірзақов, Жолдасхан Құрамысов, Қарабай Әбуұлы, Жұмагүл Солтиева, Жұмабай Шаштайұлы, Нағашыбек Қапалбекұлы, Күмісжан Байжан, Гүлзейнеп Сәдірқызы, Нүсіпбай Әбдірахым, Рәтбек Сағид-Уаһас, Гүлнәр Өмірзақова, Әуелбек Ысқақов, Ермек Жұматаев, Жылбек Тоқтасынов, Роза Сейілхан, Мәдина Омарова, Ақан Әбдуәлиев, Шарафат Жылқыбаева сияқты қаламгерлер алдыңғы буын аманатына әрқашан адал.
Бұл аудан Алаш баласы бастан кешірген алмағайып күндердің бәріне куә: ақсүйек ашаршылықты, саяси қуғын-сүргінді, қаһарлы қан майданның ауыртпалығын аталар мен әкелер, әжелер мен шешелер өз иықтарымен көтерді. Хрущевтің «жылымығын», Брежневтің «тоқырауы» мен Горбачевтің «қайта құруын» бүгінгі аға буын саналатын азаматтары жақсы біледі. Олар кеңестік заманның барлық өткелінен өтті, уақытпен санаспай еңбек етті, саясаттың ағыны сан бұрылған күндерде де елі мен жерінің ұлы мұратына адал болды.
Тоқсан жылда сахара төсі сан түлеген аудан елдің көз алдында көркейді. Қайсар ұрпақтың қайратымен өмір қайта түледі. Шұрайлы өрісіндегі қой саны миллионға жетіп, қазақстандық миллиард пұт астыққа әр жылдары аудан қомақты үлесін қосты, өндіріс шамшырақтары жарқырады. Құрылыстар салынып, ауылдар дамыды, әлеумет өсті, рухани өмір ілгері басты. Осы кезеңде ауданның дәулетін еселеп, сәулетін жарқыратқан азаматтар Социалистік Еңбек Ері атанып, өңіріне Жұлдыз тақты. Солардың қатарында шопандар Жолдасбек Садуақасов, Сәмідін Қилыбаев, Дәдеш Әмірқұлов, Шопан Жандыбаев, жылқышы Құстүтін Бітешев, механизаторлар Василий Ефимов пен Орынтай Ерекенов, шаруашылықтың білгір басшылары Дмитрий Гущин мен Мұхаметжан Түймебаев, Шайхыслам Мусин, теміржолшы Әбілахат Құлтанов, дәрігер Ысқақ Әлібеков, ұстаз Құдыс Әбсәметов, тоқымашы Күлдария Тоқсейітованың есімі асқақ аталады.
Құрылғанына 90 жыл, жыр алыбының есімін иеленгеніне 80 жыл толған ауданның торқалы тойын жамбылдықтар толағай табыстармен қарсы алды. Осы жылдың 9 айының қорытындысы бойынша ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінің барлығы абыроймен орындалды. Аудан дәнді дақылды, бақша өнімдерін, ет, сүт, жүн өндіруде және мал басының саны бойынша облыста алдыңғы орындарда тұр. Заман талабына сай қолға алынған тың істер әр саладан байқалады. Киелі мекеннің көсегесі көгере берсін. Ғасырлар бойғы арманына жеткен, даңқы әлемнің шартарабына кеткен, салтанат құрар ордасы, салиқалы басшысы бар қасиетті еліміздің аясында Жамбыл ауданы да жарқырап, жайнай берсін демекпіз!

Серік САТЫБАЛДИЕВ
Жамбыл ауданы