САҢЫРАУ БАЛАЛАРҒА АҒЫЛШЫН ТІЛІН ҮЙРЕТЕДІ

Уақыты: 13.11.2018
Оқылды: 1442
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Талдықорған қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары есту қабілеті нашар балаларға ағылшын тілін үйрету мақсатында «Жүрек қалауымен» атты жаңа әлеуметтік жоба бастады. Осыған орай есту қабілеті нашар және естімейтін балаларға арналған облыстық мектеп-интернатының оқушылары алғаш рет ағылшын тілінен кіріспе сабаққа қатысты.

«Әлеуметтік жобаның аясында біздің оқушылар ағылшын тілін аптасына бір рет оқитын болады. Бұл - бізге берілген үлкен мүмкіндік, себебі мектеп-интернатымызда ағылшын сабақтары өкінішке қарай жүргізілмейді. Осындай бірлесе ұйымдастырылған жұмыстар балаларға шет тілін меңгеруді ғана емес, сонымен қатар, қоғамдық ортаға бейімделуге, яғни, жастардың жоғары мәдениетті болып қалыптасуына көмектеседі. Зияткерлік мектебінің оқушыларына біздің балаларымызға қолдау көрсеткендері үшін ризашылықтарын білдіреміз», - дейді мектеп-интернатының әлеуметтік ұстазы Ләйлә Қожахметова.

Жобаның қатысушылары үшін арнайы мектепшілік экскурсия ұйымдастырылып, мектептің әлеуметтік өмірі мен оқушылардың жетістіктері туралы жан-жақты ақпарат берілді.

«Жүрек қалауымен» атты жаңа әлеуметтік жобаның координаторы, 11 "А" сынып оқушысы Әйгерім Тәңірбергенованың айтуы бойынша, ағылшын тілі сабақтары аптаның әр сәрсенбі күндері ойын элементтерін қолдана отырып, сурдоаурамашымен бірлесе өткізіледі.

«Әлемде кез келген бала қандайда жағдайға қарамастан білім алуға құқылы. Біз «Қамқор» және «Жақсылық жасауға ұмтыл» атты әлеуметтік жобалар аясында «Айналайын» ​​облыстық балалар үйінің және мүгедек балаларға арналған сауықтыру орталығының тәрбиеленушілеріне жеті жыл қатарынан ағылшын тілін үйретіп келеміз. Балаларға арнап әр түрлі іс-шаралар, атап айтсақ, театрландырылған қойылымдар мен танымдық ойындар ұйымдастырамыз. Сонымен қатар, биылдан бастап есту қабілеті нашар және естімейтін балаларға арналған мектеп-интернаттың 4-8 сынып оқушыларына жүйелі түрде ағылшын тілін үйретуге мақсат қойып отырмыз. Біз үшін бұл - баға жетпес тәжірибе. Біздер ынтымақтастыққа әрдайым қуаныштымыз», - дейді Әйгерім.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"