ТАЛДЫҚОРҒАНДА "ОМАРБЕК МЕРГЕН" ФИЛЬМІНІҢ ТҰСАУЫ КЕСІЛДІ

Уақыты: 13.11.2018
Оқылды: 1311
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Талдықорғанда "Жетісу" телеарнасы түсірген "Омарбек мерген" атты деректі фильмнің тұсауы кесілді. Жаңа туындыда қазақтың сан қатпар тарихи кеңістігінде бұған дейін белгісіз болып келген айтулы тұлғаның арналы ғұмырынан сыр шертіледі.

Фильмде мыңдап емес, миллиондап қырғынға ұшыраған нәубет жылдардың ақиқаты көтерілген. Қызыл қырғын тұсында жазықсыз елді Қытай асырып, большевиктердің дегбірін қашырған Омарбек мергеннің ерлігі, шын мәнінде, жас ұрпақ үшін ұмытылмас өнеге. Балқаш көлі атырабындағы Сары-Есік Атырау құмын мекен етіп, арысы Сарыарқадан, берісі Бақанас өңірінен босқан елге қамқор болған Омарбек батырдың өмірі ешкімді де бей-жай қалдырмайды. Жаңа фильм көргеннің жанның отаншылдық сезімін оятып, еліне, жеріне деген сүйіспеншілігін арттырады. Туынды қазақ халқын ақтаңдақ тарихтың тағы бір тұлғасымен қауыштырып отыр.

Фильмнің тұсаукесер рәсіміне өңірдегі ақпарат құралдарының жетекшілері, белгілі журналистер мен зиялы қауым өкілдері қатысты. Телеэкран туындысының идея және сценарий авторы - белгілі публицист, жазушы Серік Сарыбаев.

Мәди АЛЖАНБАЙ,

"Жетісу"