БҮГІН - ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЗАҒИПТАР КҮНІ

Уақыты: 13.11.2018
Оқылды: 1729
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Атаулы күнге орай Балпық би кентінде тағылымды шара өтті. Көксу аудандық музыка мектебіндегі «Жанарсыз да жарық әлем» атты ақпараттық-сазды шарада мүмкіндігі шектеулі жандар өнер көрсетті.

Зағип жандардың тағылымды шарасында музыкатану ғылымдарының кандитаты, Көксу ауданының Құрметті азаматы, композитор Амангелді Тоқымбетов қобызымен күй төкті. Республикалық «Екі жұлдыз» ән байқауыныың Гран-при жүлдегері Әйгерім Көпбаева әннен шашу шашса, айтыскер ақын, әуесқой композитор, жыр-термелерден республикалық байқаулардың жеңімпазы Алғысбек Дәуен жүректі тербеген халық әндерін орындады. «Екі жұлдыз» ән байқауының тағы бір Гран-при жүлдегері Жасұлан Бекенов пен облыстық «Жүректен-жүрекке» байқауының бірінші орын иегері Әйгерім Айдарқызы да нақышына келтіре ән әуелетті. Мүмкіндігі шектеулі жандардың өнеріне сүйсінген көпшілік кештен үлкен әсер алып шықты.

Келген қонақтарға облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына қарасты мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған «Үміт» күндізгі болу орталығының директоры Әлия Садықова ерекше алғысын жеткізді.

- Осы күні әлемнің барлық елдерінде Халықаралық зағиптар күніне орай көптеген іс-шара өтеді. Біз де мүмкіндігі шектеулі ерекше дарын иелерін қоғамның толыққанды мүшесі екендіктерін сезіндіру мақсатында бүгінгі сазды кешімізді ұйымдастырдық, – деген ол өнерпаздардың шығармашылықтарына жоғары баға берді. Әрі олардың қазақ өнерінің дамуына толассыз үлес қосатындарына сенім білдірді. Жиында облыстық «Гол-бол» спорт федерациясының вице-президенті, «Қазақ зағиптар қоғамы» қоғамдық бірлестігі облыстық филиалы төрағасының міндетін атқарушы Алекен Дәркенбаев басынан өткен оқиғаларды мысалға келтіріп, жеткен жетістіктерін сөз етті.

Кеш соңында жиналған қауым естелік суретке түсіп, дарынды жандарға кішігірім сый-сияпат ұсынылды.

Мәулен ӘНЕРБАЙ

Көксу ауданы