75 ЖЫЛДАН СОҢ ТАБЫЛДЫ

Уақыты: 16.11.2018
Оқылды: 883
Бөлім: КҮНДЕРЕК

«Әкеден ұл туса игі,  әке жолын қуса игі»  деген тәмсіл бар. Жәлел атасы Іргебек жайлы көп ойланады. Ес білгелі  сол кісінің демалғанын көрмепті. Соғыстың қасіретін көп көргендіктен бе, бейбіт заманның әр күнін қадірлейтін. Дос-жаран, ауыл-аймақтың қызығынан қалмайтын. Қан майданда өткізген отты жылдарын еске алғанда  жан-дүниесі қозғалатын.  Көңіл-күйінің бұзылғандығы бес қарыс болып түйілген қабағынан, алысқа зер салған зейінінен байқалатын. Қыршынынан қиылған жолдастары көз алдына елестейтін шығар. Әлде жат елде жарылған  снаряд дауыстары қайта жаңғыра ма екен? Ол жағы белгісіз. Бірақ бейбіт күннің әр таңын қуанышпен қарсы алып, ұжымшар берген кез келген жұмысты тыңғылықты атқаруға тырысатын. 

Ол соғысқа 1942 жылы аттанды. Соңында зар жылап ет жақын туыстары, келіншегі Әнипа қалды.  Жары жүкті еді. Ойламаған жерден  басталған  майдан ешкімді алды-артына қаратпады. Азамат атаулының алдында бір-ақ міндет – туған жерді жат табанына таптатпау. Соғысқа барушылар қатарына  ілінісімен  тізбектелген вагондарға мінгізілген майдангерлер алысқа жөнелтілді. Бағыт – Прибалтика майданы. Жол-жөнекей әскери тәртіп пен соғыс амалдарын үйреткен басшылар жауынгерлерді аз уақытта майдан даласына апарды. Бірден соғысқа араласып кете барды.  Қайсар қазақ баласы қашанда алдыңғы шептен табылды. Ерлігі елеусіз қалмапты. Бүгінде Іргебектен тараған ұрпақ бір рулы елге айналды. Соның бірі – немересі Жәлел. Ол атасының табанды мінезіне қарап, соғыста талай марапат алғанына сенімді еді. Бірақ атасы марапаты жайлы сөз де қозғамайтын. Биыл ішкі істер саласында істейтін немересі Ресейдің www.pamyat-naroda.ru сайтын қарап отырып, атасының аты-жөнін табады. Атасы  Іргебек Исабаев 1943 жылы желтоқсан айының 28-де  Прибалтика майданында көрсеткен қайтпас қайсарлығы үшін «Ерлігі үшін» медалімен марапатталыпты. Парақта Іргебек жауынгердің соғысқа Қаратал ауданынан аттанғаны да көрсетілген. Аталарының ерлігін балалары, немерелері 75 жылдан кейін біліп отыр. 
Атасына тартып туған Жәлел бүгінде ел-жұртының тыныштығы мен амандығы үшін еңбек етіп жүр. Әулеттің қуанышында шек жоқ. Аталарының соғыстағы ерлігін айтып, кеуделерін мақтаныш кернеуде.

Гүлжан ТҰРСЫН