"АЛТЫН АДАМ" АҒЫЛШЫНДАРДЫ ТӘНТІ ЕТТІ

Уақыты: 17.11.2018
Оқылды: 1108
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Лондонда өткен халықаралық көрмеге 20-ға жуық отандық туристік компания қатысып қайтты. Солардың қатарында «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің өкілдері де бар. «World Travel Market London» атты көрме 1980 жылдан бері тұрақты өткізіліп келеді. Онда әлем елдерінің туристік әлеуеті паш етіледі. Өзара ынтымақтастық туралы келісімдерге қол қойылады. Сол арқылы туризм бизнесінің дамуына кең жол ашылады.

ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Туризм индустриясы комитеті ұйымдастырған халықаралық көрмедегі Қазақстан павильонында еліміздегі туристік маршруттары жан-жақты насихатталды. Шетелдік қонақтар жер жаннаты Жетісуға 3D арқылы виртуалды саяхат жасады. Еліміздің тарихымен, мәдениетімен танысты. Әсіресе, Есіктен табылған «Алтын Адам» еуропалықтарды тәнті етті. Бұл туралы бізге «Есік» қорық-музейінің ғылыми қызметкері Жазира Құрбанәлі әңгімелеп берді.

– Лондондағы көрмеге музей директоры Гүлмира Мұхтарова екеуміз қатысып қайттық. Алған әсеріміз ерекше. Көрмеге келушілердің Орта Азия елдеріне қызығушылығы басым екенін аңғардық. Әсіресе, олар Қазақстанның таңғажайып табиғаты мен тарихи орындарына қатысты деректерге жете үңілді. «Алтын Адам» киіміндегі жапсырмалар көшірмесін көргенде таңданыстарын жасырмады. Енді олар сол киелі орындарды өз көздерімен көрсек деген ниетте, – дейді ол көрмедегі көрген-түйгендерімен бөлісіп.

Бүгінгі таңда еліміз туризм саласын дамытуға ерекше көңіл бөлуде. Тұманды альбион елінде өткен көрме сол игі жұмыстардың заңды жалғасы деуге әбден болады.

Болат МӘЖИТ,

"Жетісу"

Еңбекшіқазақ ауданы