ҮШІНШІ ӨЛІМ КЕРЕК ПЕ?

Уақыты: 18.11.2018
Оқылды: 1367
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Талдықорғандағы №27 мектептің ата-аналары күнде балаларын білім ордасының дәл алдынан күтіп алады. Себебі, мектепке баратын 80-нен астам оқушы бір емес, екі қорқынышты өткелі бар жардан өтуге мәжбүр. Бұл туралы "31 арнаның" "Информбюро" жаңалықтар қызметі көрсетті.

Талдықорған қаласының тұрғыны, ата-ана Маржан Молдахметова: "Үшінші өлім керек болып тұр ғой. Мына мектептен онсыз да екі бала өлді. Бір баланы машина қағып кетті. Бір баланы ит талап тастады. Біз балаларымыз үшін қорқамыз. Мына арыққа түсіп кетсе қайтеміз?" - дейді ашынып.

Ата-аналардың алаңдаушылығын тудырған сай түбінде су толы тоған бар. Сайдағы өткелден өту үшін балалар жоғарыдан төмен қарай түседі. Алайда оқушылардың абайсызда аяғы тайып, суға ағып кетпесіне ешкім кепілдік бере алмайды. Сай түбіндегі судың тереңдігі жарты метрден асады.

Құлап кету қаупі басым екі өткелден өткен балалар ен даламен үйлеріне қайтады. Маңай қаңғыбас итке толы. Ал көше бойында тұрған электр бағаналарының барлығы екі жылдан бері іске қосылмаған. Тіпті, кейбір жерде электр сымдары жерде жатыр. Талдықорған қаласы әкімінің баспасөз хатшысы Данияр Жаныс "31 арнаға" берген сұхбатында:

- Егер трансформаторларды тексеру жұмыстары толық аяқталса, бұл аймаққа бір аптаның ішінде жарық беріледі. Ал сайға көпір салу мәселесі жобада қаралмаған. Сондықтан, ештеңе дей алмаймыз. Бірақ келесі жылы жобаға кіргізуге мүмкіндігіміз бар. Егер кіріп жатса, міндетті түрде ол жерге көпір салынады, - деді.

"Жетісу" газетінің электронды сайтына "Плодопитомник" аталып кеткен осы аймақтың өзге де тұрғындары пікір білдірді. О.Құлжабеков көшесінің бойынан жер участогын алып, жуырда ғана үй тұрғызған Арман Доқтырбай мен Айым Молдағалиева 0-нші сыныпта оқитын ұлдарын қауіпті сайдан аптасына он рет алып өтетінін айтты. Ең қорқыныштысы, екі жасар қыздары байқаусызда аяғы тайып кетіп, су толы тоғанға түсіп те кеткен. Бүгінде ата-ана аязды күні үсті-басы малмандай су болған бүлдіршіннің денсаулығына алаңдаулы. "Солтүстік жеке тұрғын үй секторына көңіл бөлінбей жатыр деп айта алмаймын. Бұрын батпақты жол еді. Қазір тас төгіп, жолдарымызды ретке келтіріп берді. Электр бағандары мен газ құбырларын орнатты. Енді іске қосылуын асыға күтіп отырмыз. Ең бастысы, мектепке баратын сайдағы көпірді жасап берсе екен дейміз. Бәрі балалар үшін ғой", - дейді осы аймақтың тағы бір тұрғыны Әйгерім Серікқызы.

Бұл маңда 15 жылдан бері тұрып келе жатқан ата-аналар Талдықорған қалалық әкімдігінен тым болмағанда балаларды мектепке тасымалдайтын қоғамдық көліктер бөлінсе екен деп сұрайды.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"