ПРЕЗИДЕНТ ЖАҢА ПОЛИЦИЯ ФОРМАСЫМЕН ТАНЫСТЫ

Уақыты: 20.11.2018
Оқылды: 1208
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Ақордада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ төрағалығымен ішкі істер органдары қызметін жаңғырту мәселелері жөніндегі кеңес өтті. ҚР Президенті баспасөз қызметінің мәліметінше, кеңесті ашқан Елбасы құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету және қылмыспен күрес мәселесі айрықша бақылауда екендігін баса айтты. Бұл туралы "Егемен Қазақстан" газетінің сайты мен "Қазақпарат" агенттігі хабарлады.

Президент соңғы 3 жылда ішкі істер органдары күш-жігерінің арқасында еліміздегі қылмыс деңгейі 17,5 пайызға қысқарғанын мәлімдеді. «Адам криминалдан қорғану үшін бірінші кезекте полицияға жүгінеді. Тәуелсіздік жылдары ішінде 779 қызметкер қаза тауып, шамамен 2,5 мыңы жарақат алды. Мұны естен шығармау керек. Бұған қоса, ішкі істер органдарының ағымдағы жағдайы қоғамның сұранысына толық көлемде жауап бере алмайды», - деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті полиция қызметкерлерінің азаматтарымен өзара іс-қимыл стандарттары ескіргенін және қазіргі заман талаптарына сай келмейтінін айтты. «Ішкі істер органдары жүйесінің қызметі қоғамның сенімін ақтай алмайды, азаматтардың кейістігін тудыруда. Адамдар өздерін қауіпсіз сезінбейді. Онсыз біз қазақстандықтардың жоғары өмір сапасын қамтамасыз ете алмаймыз. Ал бұл біздің бағдарымыз саналады. Сондықтан полицияны реформалау ісіне шұғыл кірісуіміз қажет», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Күн тәртібіне сәйкес, кеңес барысында ҚР Президенті Әкімшілігінің басшысы Әсет Исекешев пен Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымовтың баяндамалары тыңдалды. Ұсынылған ақпараттарды қаперге алған Қазақстан Президенті барлық жоспарланған шараларды тыңғылықты әзірлеу қажеттігін атап өтті.

– Артық нәрсенің бәрінен арылып, қылмыспен күрес жүр­гізу және құқықтық тәртіпті сақтау ісіне мән беру керек. Құрылымдар оңтай­лан­дырылады. Соның нәтижесінде бір басшының қарамағында үшеу емес, бес адам болады. Штат саны 10 пайызға қысқарады. Осы шаралар полицейлер санының 100 мың адамға шаққанда 471 полицейден келуін 424-ке дейін төмендетуге жол ашты. Бұл еуропалық орташа деңгейге сәйкес келеді. Осыған орай, 16 миллиард теңге үнемделмек, – деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев үнем­­делген қаражатты қызмет­кер­лердің еңбекақысы мен әлеу­меттік қамту жүйесін жақ­сар­туға жұмсауды тапсырды. Елбасы қосымша ішкі резерв­терді іздеу және тиімсіз әкім­шілік шығындарды болдырмау жөнінде жүйелі жұмыс жүргізу қажеттігін де айтты. "Полицейлердің жалақысын арттыруға қосымша 21,4 миллиард теңге бөлінетін болады. Мұның бәрі – халықтың ақшасы. Полицияны, армияны және соттарды салық төлеушілердің қаражаты есебінен ұстап отырмыз. Сондықтан, азаматтарымыз құқық қорғау органдарының өз міндетін мінсіз атқаруын талап етеді", – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті қыл­мысқа қарсы күрес жүр­гізетін және қоғамдық тәртіпті сақтау ісімен тікелей айналысатын қызметкерлердің тұрғын үй мәселелерін шешу үшін қабылданған шараларға да тоқталды. Бұл шаралар полиция жұмысының ең маңызды деген бағыттарына білікті жаңа кадрларды тартуға, сондай-ақ қоғамдық тәртіпті күзететін және қылмысқа қарсы күрес жүргізу қызметін атқаратын бөлімшелерді күшейтуге мүм­кіндік береді. Елбасы полиция қыз­мет­керінің теріс қылық жасағаны үшін ішкі істер органдарындағы қызметінен босатылып, барлық жеңілдіктен айырылатынын айтты. "Бізге жаңа формацияның полицейлері қажет. Кадрларды іріктеу, даярлау және ілгерілету жүйесі қайта қарастырылатын болады. Ведомстволық білім беру ісі айтарлықтай өзгереді. Мамандарды даярлау сапасы әлемдік стандарттарға сай келетін заманауи полиция академиялары қажет", – деді Мемлекет басшысы. Қазақстан Президенті Ішкі істер министрлігіне тиесілі 12 оқу орнының үздік бесеуі ғана қалатынын айтып, оған білікті оқытушылар іріктеліп алынатынын атап өтті.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"