ПРЕЗИДЕНТТІҢ ТҰҢҒЫШ ФОТОГРАФЫ КІМ?

Уақыты: 28.11.2018
Оқылды: 1297
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Иосиф Будневичті егемен елдегі фотографияның бастаушысы есебінде қарастырып, ХХ ғасырдағы қазақ даласының суреткері деп айтсақ та лайықты. Оның түсірген суреттері бүгінде құндылығымен жоғары, өз бағасын да алды. Бірақ Иосиф Львовичтің Президенттің алғашқы жеке фотографы болғанын біреу білсе, біреу білмес.

Өмірдің сұлулығын сурет арқылы сақтап, қазақ тарихынан сыр шертетін, оның ішінде салт-дәстүр, әдет-ғұрыпты насихаттайтын фотолардың иесі де осы кісі болған. Ес білгенде ұстаған фотоаппараттан шау тартып, бақиға аттанатын тұста да ажыраған жоқ. «Фотография – менің тағдырым, өнерім – өмірім», – дейтін жарықтық.

Өзі 1927 жылы Ленинград (бүгінгі Санкт-Петербор) қаласында дүниеге келіп, аталған шаһардағы кино инженерлері институтын бітірді. Қызмет жолын 1947 жылы «Ленинская смена» газетінде фототілші болып бастады. 1949–1958 жылдар аралығында Қазақ телеграф агенттігінде, 1958-1976 жылдарда Совинформбюрода, қосымша Баспасөз жаңалықтар агенттігінде фототілші болды. 1992 жылдан бастап, ғұмырының соңына дейін Қазақстан Республикасы Президентінің жеке фотографы қызметін атқарды. Ол ерен еңбегі үшін Халықаралық көрмелердің лауреаты, ҚР Мәдениетіне еңбегі сіңген қызметкер, «Құрмет» орденінің иегері, Қазақстан Журналистика академиясының академигі атақтарын алды.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтан бөлек оның бағалы фотоларының ішінде Дінмұхамед Қонаев, Жұмабай Шаяхметов, Никита Хрущев, Леонид Брежнев сынды қайраткерлердің бейнесін кездестіруге болады. Мұхтар Әуезов, Қаныш Сәтбаев, Сәбит Мұқанов, Күләш Байсейітова, Роза Бағланова, Бақытжан Байқадамов, Раиса Мұхамедиярова, Бибігүл Төлегенова сынды  әдебиет пен өнер майталмандарын жиі кадрға ілген. Оған бір емес, бірнеше фотосы дәлел.

Президенттің жеке фотографы болу арқылы көптеген елге сапарға шықты және шет мемлекеттегілер Қазақстан туралы ақпарат білгісі келсе, Будневичтің фотоларына жүгінетін. Сол арқылы таныды. Жарық дүниеде кім мәңгілік қалар дейсіз?! 2007 жылы 80 жасында әлемге еркеше қарап, оның әр сәтін суретке түсіріп алуға құмар жан дүниеден өтті. Жыл сайын фотографтың құрметіне Ұлттық кітапханада көрме ұйымдастырылып тұрады.

Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың: «Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек», – деп айтқаны бар. Еліміздің егемендік алып, еңсе тіктеген тұсын көргіңіз келсе, Будневичтің фотоларын бір қарап шығыңыз.

Қали АСҚАР