ЕЛБАСЫ: "ӨЗІМІЗДІҢ ТАҒАМДАР ҚАЙДА?"

Уақыты: 29.11.2018
Оқылды: 1224
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Президент асханасының бас аспазы болу – кез келгенге бұйыра бермейтін бақ. Бірақ жауапкершілігі өте зор. Егемен елдің Тұңғыш Президентінің ас мәзіріне 27 жыл жауапты болған алғашқы жеке аспазы Алексей СЫРЫХТЫҢ бүгінде сол шақты сағынышпен еске алатыны бар. Оны танымал фотограф Кирилл ФЕДОРОВПЕН болған әңгімесінде айтып берген еді. Ендеше аспаздың екеуара отырғанда айтылған әңгімесіне құлақ түрелік.

- Техникум аяқтап, әскерге барып, борышымды өтеп келген соң, бірден Министрлер кеңесіне қарасты шаруашылық басқармасының диеталық асханасына жұмысқа орналастым. Бұл 1985–1987 жылдар болатын. Бірде маған: "Мәскеуге ұшасың, аса маңызды адамды тамақтандыратын боласың", – деді. Ол кісіні қайырлы таң, қайырлы күн, кеш жарық сияқты сөздерден артық мазаламауымды ескертті. Ұшаққа мінгенде сол кездегі ҚазССР Министрлер кеңесінің төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевты көрдім. Өмірімде бірінші рет 18 күнге сапарға шықтым. Ал Нұрсұлтан Әбішұлы төрт күннен кейін бүкіл қызметкерлерін шақыртып, мені  бас аспаз қызметіне бекітуді тапсырды. Содан бері 27 жыл қызмет істедім. Қай жерде болсын бірге еріп жүрдім. Менің негізгі бастығым Президент істері жөніндегі аппараттың жетекшісі Владимир Василийұлы Ни болды. Сегіз жыл өткеннен кейін қасыма екі даяшы қосуыма рұқсат берді. Ал мен іссапарларға тек біреуін ертіп алатынмын.

Тәулігіне бір-екі сағат қана ұйықтаймыз. Жұмыс кестесі өте тығыз. Тағамды өзім бірінші жеп, ішіп көріп барып қана дастарқанға қоятынмын. Тәуліктің қай кезі болсын жұмыста болдық. Отбасыма, демалуға тек он күннен артық уақыт берілген емес.      

Бірде бұрынғы АҚШ Президенті Билл Клинтон келді. Оны италиялық үлгідегі мейрамханада күттік. Оған арнайы "Капрезе" салатын, кептірілген алмұрт қосылған ризотто бердік. Алайда Нұрсұлтан Әбішұлы: «Біз не Италиядамыз ба? Өзіміздің тағамдар қайда?» – деді. Бірақ біз қазақ асханасын қосымша дайындап қойған едік, бірден ұсындық. Онда бесбармақ, қуырдақ және манты болды. Үлкен табаққа салып, алдына қойдың басын алып келгенімізде, Клинтонның шошып кетпесі бар ма? Әлсіз ғана дауысымен алып кетуімізді өтінді. Бірақ қонағымызға тамағымыз қатты ұнады. Артынша сақтық үшін италиялық мейрамханада жасаған қазақтың тағамдары үшін Елбасы жеке шақырып, рахметін айтты.

Елбасы шеттен келген қонақтарға міндетті түрде қазақтың дастарқанын жайғызады және үстелде тұрған әр тағамды меймандарға жеке таныстырады.

Әр аспаздың өз құпиясы болады және оны ешкімге айтпайды. Иә, тамақтың жасалу жолы, оған қосатындарды бәрі білгенімен де тәжірибеден өткізіп жүріп, ерекше дайындау әдістерін ойлап табасың.

Елбасы тамақ талғамайды. Бастысы әртүрлі, дәмді болуы керек. Бірақ қазақ болғаннан кейін асылған етті жақсы көреді. Көкөністермен пісірілген тауық етін, балықты, борщты ұнатады.

Көбінде ет пен сүтті сол кездегі Панфилов кеңшарынан арнайы алдырттық. Ал тапсырыс берілген басқа азық-түліктер сертификатымен келетін. Қазіргідей іші-сыртын бір сәулемен ғана тексеріп шығатын аппараттар жоқ, бәрін өзің жеп көруің керек болды.   

Бүгінде өз еңбек жолымды жалғастырып, алып шаһардағы үлкен банкет залында басшылық қызмет атқарамын. Мойындаймын, бұл жерде жауапкершілік Қазақстан Республикасының бірінші адамын тамақтандырудан жеңіл. Өйткені, ол кезде әр күнім – бір сынақ болатын. Мен үшін егемен елдің Тұңғыш Президентін тамақтандыру үлкен мәртебе болды, болып қала береді.

Дайындаған - Серік ҚАНТАЙ