МЕРЕЙ - ҮСТЕМ, КӨҢІЛ - ШАТ

Уақыты: 30.11.2018
Оқылды: 1332
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Жетісу жерінің әлеуметтік-экономикалық дамуы ең алдымен өңір азаматтарының отаншылдығына, еңбекқорлығына, жанашырлығына тікелей байланысты. Туған жері мен елін сүйетін әрбір адам оның қарқынды өркендеуін қалайды. Дәл 1 желтоқсан – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне орай өңірдің дамуына елеулі үлес қосқан жандар марапатталып, мемлекеттік қызметке қабылданған жас мамандар ант берді.

Облыстық әкімдіктің мәжіліс залында өткен салтанатты шараны ашып, жүргізіп отырған облыс әкімі Амандық БАТАЛОВ Қазақстан Республикасының Гимні орындалған соң өңір өркендеуінің көрсеткіштерін қамтыған баяндама жасады. Өз сөзін:

– Қадірлі қауым, құрметті әріптестер! Баршаңызды Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күнімен шын жүректен құттықтаймын! Осы мереке – халқымыздың Елбасына деген ерекше ықыласының, шексіз ризашылығының, зор құрметінің айғағы. Бұл – еліміз үшін тарихи күн! – деп бастаған Амандық Ғаббасұлы күллі әлем назарын аудартқан еліміздің өркендеуіне Жетісу жерінің қосқан үлесін салмақтады. – Мемлекет басшысының қолдауы мен тікелей шешімінің арқасында облыс орталығы жер жаннаты Жетісу төріндегі Талдықорғанға ауысқаннан бастап өңірдің келбеті күн санап көркейіп келеді. Бүгінде облыс орталығы тұрғындарының саны 173 мың адамнан асып, соңғы он жылда екі есеге артты. Қаламызда бүгінгі заманға сай сәулетті, бірегей ғимараттар ел игілігіне қызмет етуде. Айта кету керек, егер 2001 жылы облыс бюджеті 21,2 миллиард теңгені құраса, қазіргі күні 20,5 есеге өсіп, 434,4 миллиард теңгеге жетті. Сондай-ақ, жергілікті бюджетке түсетін табыс көлемі 17,6 есе өсіп, 194 миллиард теңгені құрап отыр. Сонымен қатар, Елбасымыздың «Нұрлы жол» бағдарламасы шеңберінде облыс аумағында әлемдік стандартқа сай келетін «Батыс Еуропа – Батыс Қытай», «Алматы – Талдықорған» жолдары пайдалануға берілді. Облыс экономикасының дамуына қарқын беретін Үлкен Алматы айналма автомобиль жолының құрылысы басталды.

Елбасының биылғы Жолдауының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» деп аталуы тегін емес. Бұл құжатта Президент шағын және орта бизнесті қолдау, жалақыны көбейту, коммуналдық тарифтердің өсуіне жол бермеу сынды аса маңызды тапсырмалар берді. Соған орай көптің игілігіне қызмет ететін қаншама мемлекеттік бағдарламалар қабылдады?! Осы үлкен мақсаттарды іске асыру, халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға қызмет ету – біздің басты міндетіміз. Өз тағдырын елінің тағдырымен байланыстырған, халқының бағына туған ұлы перзент – Тұңғыш Президентіміздің есімінің ел тарихында алтын әріптермен жазылатыны анық.

Бұдан соң Қарасай аудандық ақсақалдар алқасының төрағасы, Елбасының сыныптасы Сайлаубек Қыдыралиев, «Өлке тынысы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Мейрам Жанәділов, Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің ректоры Қуат Баймырзаев, Ақсу аудандық Ақын Сара мәдени-жастар орталығының директоры Фариза Рахманова кезекпен сөз алып, өңір жұртшылығын мерекемен құттықтады.

Жарыссөзден соң Тұңғыш Президенті күніне орай мемлекеттік қызметке қабылданған жас мамандар ант беріп, өздеріне артылар жауапкершілік жүгінің ауырлығын айғақтады. Салтанатты жиын соңында облыстың өркендеуіне үлес қосқан бірқатар азаматтар «Астана қаласының 20 жылдығы» атты мерейтойлық медальмен марапатталды.

Мәди АЛЖАНБАЙ