КОНСУЛДАР КЕЛДІ

Уақыты: 10.12.2018
Оқылды: 900
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Біздің елде жұмыс жасайтын шет мемлекеттер консулдықтарының қызметкерлері Шамалған ауылына арнайы ат басын бұрып, бір жыл бұрын бой көтерген «Атамекен» тарихи-мәдени орталығының жұмысымен танысты. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті қоры ұйымдастырған бұл шараға консулдармен бірге шетел инвесторлары да қатысты.

Мәртебелі меймандар ең алдымен «Атамекен» орталығының залын аралап, онда қойылған жәдігерлермен танысты. Бұл жерде олар Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың  өмірі мен қызметіне қатысты құнды дүниелерді тамашалаумен қатар еліміздің тарихындағы маңызды кезеңдерден де мол мағлұмат алды. Осыдан кейін қонақтар «дөңгелек үстел» басында келелі әңгіме айтты.
Алқалы жиынды ашып, жүргізіп отырған аудан әкімі Жандарбек Далабаев Қарасай ауданының экономикалық-әлеуметтік саладағы қол жеткен табыстары турасында айтып берді. Атап айтқанда, өңірде индустрияландыру жобасы жүзеге асырылуда. Сонымен бірге, Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы тұрғындар тарапынан қолдауға ие болып, бұл бағытта да үлкен шаралар  атқарылып келеді. 
Басқосу барысында «Алматы» дипломатиялық клубының тең төрағасы, Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Алматы қаласындағы  өкілдігі басшысы Руслан Бөлтіріков пен өзге де консулдар жеке  ойларын ортаға салды.  Америка Құрама Штаттарының, Қытай Халық Республикасының, Ресей Федерациясының, Литва, Венгрия, Хорватия, Болгария, Чехия, Ауғанстан, Тәжікстан және өзге де мемлекеттердің өкілдері тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуы мен өркендеуіне Елбасы – Ұлт Көшбасшысының қосқан үлесі өлшеусіз екенін айтып өтті. Нұрсұлтан Әбішұлының сарабдал саясаты мен көрегендігінің арқасында аз ғана уақытта іргелі  мемлекеттермен иық түйістірген Қазақстан бүгіндері дамудың даңғыл жолына түсті деді олар.
Кездесуді қорытындылаған Жандарбек Ермекұлы мәртебелі меймандарға денсаулық пен табыс тілеп, мемлекеттер арасындағы достық пен әріптестікті нығайта беруге шақырды. Сонымен қатар, ол шетелдердің бизнес өкілдеріне ауданның мүмкіндіктерін айта келіп, 2019 жылы инвестициялық форум өткізу қажеттігіне тоқталды. Инвесторлар тарапынан үлкен қолдау тапқан бұл ұсыныс алдағы уақытта өзінің жемісін береді деуге негіз бар.

Қуат Қайранбаев
Қарасай ауданы