БІР КҮНДЕ БІРНЕШЕ НЫСАН АШЫЛДЫ

Уақыты: 12.12.2018
Оқылды: 1027
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Тәуелсіздік күні қарсаңында Еңбекшіқазақ ауданында ел игілігіне арналған бірқатар нысанның құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Ең алдымен Есік қаласындағы 300 орынды балабақшаның тұсауы кесілді.

Салтанатты шараның ашылу рәсіміне аудан әкімі Бинәлі Ысқақ қатысып, жаңа ғимараттың табалдырығын алғаш аттаған бүлдіршіндерге ақ жол тіледі. – Балалар – еліміздің ертеңі. Олардың алаңсыз оқып, білім алуы мемлекеттің басты назарында. Бүгінде бой көтеріп жатқан заманауи мектептер мен балабақшалар - соның жарқын мысалы. Ауданымызда бүлдіршіндерді балабақшамен қамтамасыз ету деңгейі 98,7 пайызға жетіп отыр. Осының бәрі қасиетті тәуелсіздіктің арқасы. Балапандардың алтын ұяда тәрбиеленіп, ұлтжанды ұрпақ болып қалыптасуына бәріміз де тілектеспіз, – деді Бинәлі Әбдіқапасұлы. Бұдан кейін әжелер шашуын шашып, қариялар ақ батасын берді. Мемлекеттік және жекеменшік серіктестік аясында салынған екі қабатты еңселі ғимарат заман талабына сай жасақталған. Ондағы балалар ойнайтын және демалатын бөлмелер кең де жарық. Дене шынықтыру, музыка кабинеттері қажетті оқу құралдарымен қамтамасыз етілген. Екі тілде дәріс беретін тәрбиешілер де өз ісінің білгір мамандары. Жиналған көпшілік кішкентай балақайлардың балдай тәтті тілдеріне мәз-мейрам болды. Осындай игі істі қолға алып, балаларға қуаныш сыйлаған кәсіпкер Жазира Отарбаеваға бәрі зор ризашылығын білдірді. * * * Ақтоғай ауылының тұрғындары да үлкен қуанышқа кенелді. Ондағы «Орынша» деп аталатын балабақша бөбектерге есігін айқара ашты. Сонымен қатар, жалпы бір күннің ішінде аудан өңірінде жалпы саны 10 балабақшаның тұсауы кесіліп, пайдалануға берілді. Оларды мерекеге арналған тартудың ең үлкені деуге болады. Құрылыстардың бой көтеруі балабақшалармен ғана шектеліп қалған жоқ. Жайдарман жаңалықтар бір-біріне сабақтасты. Ащысай ауылындағы дәрігерлік амбулатория қызметкерлері жаңа ғимаратқа көшті. Үстіміздегі жылдың наурыз айында басталған құрылыс дер кезінде аяқталған. Оған мемлекеттік бюджеттен 212,0 миллион теңге қаражат жұмсалды. Жалпы ауданы 607 шаршы метр болатын ауылдық емханада дәрігерлер күніне 50 адамды емін-еркін қабылдай алады. Амбулатория медициналық жабдықтармен толықтай қамтылған. Онда жоғары білімді 3 дәрігер және фельдшерлік мамандар, мейірбикелер жұмыс істейді. Емханадағы мүмкіндіктердің бұрынғыдан да кеңейе түскені жұртшылықтың көңілінен шығып, бәрін ризалық сезімге бөледі. Бұл жайдарман жаңалықтарды аудан халқының ел дамуына қосқан өзіндік үлесі десек артық айтқандық емес.

Болат МӘЖИТ
Еңбекшіқазақ ауданы