"42 МЫҢ 500 ТЕҢГЕ - КЕЗ КЕЛГЕН ОТБАСЫҒА КӨМЕК": ТҰРҒЫНДАР ПІКІРІ

Уақыты: 17.04.2020
Оқылды: 1163
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Әлемді дүрліктіріп отырған індет пен оған қарсы жарияланған төтенше жағдай режимі ешкімге оңай соғып жатқан жоқ. Бірі табысынан, бірі жұмысынан айырылды. Мемлекеттік тапсырыспен, түрлі тендер арқылы жұмыс істейтіндер де соның қатарында.

Өз басым суретші ретінде тапсырыстарды орындап, табыс тауып жүретінмін. Төтенше жағдай кезінде тапсырыстар түспей, мемлекеттік сатып алу жүйесі де тоқтап қалды. Осы орайда Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың әлеуметтік төлем төлеу қажет деп тапқаны көңіл сүйіндірді. Яғни, жұмысынан айырылғандарға жалақының ең төменгі мөлшеріндегі әлеуметтік көмек көрсетіледі дегенін естігенде, қуанышымызда шек болмады. Себебі, қызметіміз тоқтап, көңілімге қаяу түскенде мемлекеттің қазақстандықтарға қол ұшын бергені кәдімгідей демеу екен. Бұл бастама арқылы мемлекет кез келген тұрғынның елеусіз қалмайтындығын дәлелдеді.

Құжаттарды Е-gov сайты арқылы тіркеген едім. Екі-үш күннен кейін ұялы телефоныма әлеуметтік төлемнің тағайындалғаны туралы хабарлама түсті. Тиісті қаражат тура сол күні емес, 1-2 күннен кейін түсті. Осындай қысыл-таяң шақта кез келген отбасыға 42 мың 500 теңге көп көмек болады деп ойлаймын.

Не десек те, мемлекет тарапынан халыққа көмек көрсетілуде. Қарапайым тұрғындардың жағдайын жақсарту бағытында игілікті жұмыс атқарылуда. Біз, өз кезегімізде, көмектің өтемі, алғыс ретінде бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, қиындықтарды бірлесе еңсеруге тиіспіз. Ел басына күн туған осындай қиын сәтте ауызбіршілігімізді сақтайық. Тәртіпке бағынсақ қана біз бұл індетті жеңеміз. Бауыржан Момышұлы атамыз айтпақшы, тәртіпке бағынған құл болмайды емес пе?!

Махмұрат ДҮЙСЕНБАЕВ,

суретші

Талдықорған қаласы

Сурет ғаламтордан алынды